Page 5 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.бжезинский. ҰЛЫ ШАХМАТ ТАҚТАС

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
Американың екі жақты өткір жауап реакциясын - Кеңес Армиясының жоспарларын бұзу
мақсатында Ауғанстандағы ұлттық қарсыласу қозғалысына АҚШ тарапынан тікелей
көмек көрсетуді және кеңестік саяси һәм әскери күштің Оңтүстікке қарай қандай да бір
жылжуының алдын алатын тежеуші құрал ретіндегі американ әскери күштерін Парсы
шығанағы ауданында кең көлемде ұлғайтуды жеделдетті. Құрама Штаттар Парсы
шығанағы ауданын қорғауға, сондай-ақ Батыс және Шығыс Еуразиядағы өзінің қауіпсіздік
мүдделерін қамтамасыз етуге бірдей дәрежеде кірісті.
Еуразиялық блоктың бүкіл Еуразияға берік үстемдік орнатуға бағытталған күш-жігерін
Солтүстік Американың ойдағыдай тежеуі, және де екі жақ та ядролық соғыс қаупіне
байланысты тікелей әскери қақтығысқа барудан ақырына дейін бой тартуы
бақталастықтың әскери емес жолдармен аяқталуына алып келді. Саяси өміршеңдік,
идеологиялық икемділік, экономиканың серпінділігі мен мәдени құндылықтардың
тартымдылығы шешуші факторларға айналды.
Америка бастаған коалиция өзінің бірлігін сақтап қалды, ал қытай - кеңес блогы екі
онжылдыққа да жетпейтін мерзімде іру - тіру болып кетті. Жағдайдың осылай өрбуі
ішінара коммунистік лагерьдің иерархиялық және догматтық, оның үстіне тым нәзік
сипатымен салыстырғанда демократиялық коалицияның көбірек икемділігінің пәрменімен
мүмкін болы. Демократиялық блоктың ортақ құндылықтары болды, бірақ онда пошымдық
доктрина болған жоқ. Екінші блок догматтық ортодокстық көзқарасқа баса көңіл бөлді,
және оның өз позициясын тәпсірлеу үшін тек бір ғана сүбелі орталығы болды.
Американың басты одақтастары оның өзінен көп әлсіз болатын, ал Кеңес Одағының
Қытайға өзіне бағынышты мемлекет ретінде қарай алмайтыны айқын болатын. Оқиғалар
нәтижесінің бұлай болуы сондай-ақ мына бір фактының арқасы еді: американ жағы
экономикалық және технологиялық жағынан әлдеқайда серпінді болып шықты, ал Кеңес
Одағы біртіндеп стагнация сатысына құлдырай бастады да, экономикалық өсу тұрғысынан
да, әскери технологиялар тұрғысынан да тиімді бәсеке жүргізе алмады. Экономикалық
құлдырау өз кезегінде идеологиялық биморальдықты күшейтті.
Іс жүзінде кеңестік әскери қуат және ол Батыс өкілдерін тітіреткен үрей ұзақ уақыт бойы
бақталастар арасындағы елеулі асимметрияны жасырып келді. Америка әлдеқайда бай еді,
технологияларды дамыту саласында әлдеқайда ілгерілеп кеткен-ді, әскери салада
неғұрлым икемді әрі озық және әлеуметтік тұрғыдан неғұрлым жасампаз да тартымды
болатын. Идеологиялық сипаттағы шектеулер де Кеңес Одағының жасампаздық әлуетін
әлсіретті, оның жүйесін барған сайын кертартпа, ал экономикасын барған сайын берекесіз
және ғылыми-техникалық тұрғыдан бәсекеге қабілетсіз ете түсті. Бейбіт жарыс барысында
таразы басы Америка пайдасына қарай аууға тиіс болатын.
Түпкі нәтижеге сондай-ақ мәдени тұрғыдағы құбылыстар да елеулі ықпал етті. Америка
бастаған коалиция түгелімен дерлік американ саяси және әлеуметтік мәдениетінің
көптеген атрибуттарын оң ыңғайдағы нәрсе ретінде қабылдады. Американың Еуразия
құрлығының батыс және шығыс шет аймақтарында жатқан ең маңызды екі одақтасы -
Германия мен Жапония - өз экономикаларын бүкіл американдық болмысқа таңырқап -
тамсана отырып, қалпына келтірді. Америка болашақтың өкілі ретінде, тәнті болуға және
еліктеуге лайық қоғам ретінде кеңінен қабылданды.
Және керісінше, Ресейді мәдени тұрғыдан оның Орталық Еуропадағы вассалдарының
көпшілігі менсінбеді ал өзінің басты және барған сайын көнуден қала бастаған шығыстағы
одақтасы Қытайдың менсінбеуі бұдан да зор болды. Орталық Еуропа өкілдері үшін Ресей
үстемдігі олар философия һәм мәдениет тұрғысынан өз үйі деп есептейтін дүниеден -