Page 22 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.бжезинский. ҰЛЫ ШАХМАТ ТАҚТАС

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
Құрама Штаттардың геостратегиясын тұжырымдаудың темірқазығы болуы тиіс.
Сондықтан екі негізгі қадам талап етіледі:
- бірінші: күштердің халықаралық бөлінісінде ықтимал маңызды ойысу туғызуға қабілетті
күші бар, геостратегиялық тұрғыдан серпінді еуразиялық мемлекеттерді анықтап алу және
олардың саяси элитасының негізгі сыртқы саяси мақсаттарын, сондай-ақ қойылған
мақсаттарды жүзеге асыруға ұмтылысының ықтимал салдарлары жұмбағын шешу керек;
орналасуы және немесе өмір сүруі не неғұрлым белсенді геостратегиялық қарекет
жасайтын адамдар үшін, не аймақта тиісті жағдайлар қалыптастыру үшін катализаторлық
эффекті бар географиялық тұрғыдан принципті маңызды еуразиялық мемлекеттерді дәл
көрсету керек;
- екінші: жоғарыда айтылғандарды АҚШ-тың өміршеңдік мүдделерін сақтау және
ілгерілете беру мақсатында өтеу іске қосу және/немесе бақылау үшін АҚШ-тың нақты
саясатын тұжырымдау керек, сондай-ақ жаһандық масштабтағы АҚШ-тың нақты саяси
бағыттарының арасында ғаламдық ауқымда өзара байланыс орнататын, неғұрлым әмбебап
геостратегия тұжырымдамасын жасау керек.
Қысқасы, Құрама Штаттар үшін еуразиялық геостратегия Американың тең дәрежелі екі
мүддесін: таяу болашақта - өзінің айрықша жаһандық билігін сақтау, ал алыс болашақта -
сол билікті одан әрі институтталған жаһандық ынтымақтастыққа айналдыру мүддесін
сақтай отырып, геостратегиялық тұрғыдан серпінді мемлекеттерді мақсатты басқару және
геосаяси тұрғыдан катализатор мемлекеттермен абайлап қатынас жасауды қамтиды.
Ежелгі империялардың неғұрлым қатыгез замандарының терминологиясын пайдалансақ,
империялық геостратегияның ұлы үш міндеті мынаған саяды: вассалдар арасындағы
астыртын сөз байласудың алдын алу және олардың ортақ қауіпсіздікке тәуелділігін
сақтау, бағыныштылардың мойынсұнуын сақтау және олардың қорғалуын қамтамасыз
ету, варварлардың бірігуіне жол бермеу.
ГЕОСТРАТЕГИЯЛЫҚ ҚАТЫСУШЫ ТҰЛҒАЛАР ЖӘНЕ
ГЕОСАЯСИ ОРТАЛЫҚТАР
Белсенді геостратегиялық қарекет жасайтын тұлғалар - билік жүргізуге немесе орын алып
отырған геосаяси жағдайды - Американың мүдделерін қозғайтын дәрежеге дейін - өзгерту
үшін өз шекараларынан тыс жерлерде ықпал етуге қабілетті және ұлттық ерік-жігері бар
мемлекеттер. Олардың геосаяси тұрғыдан тұрақсыздыққа жетелейтін әлуеті және/немесе
бейімі болады. Ұлттық ұлылыққа ұмтылу ма, идеологиялық іске асырушылық па, діни
мессияшылдық па немесе экономикалық өрлеу ме - қандайда себеппен болсын, кейбір
мемлекеттер шынында да аймақтық үстемдікке немесе бүкіл дүние ауқымындағы
позицияға қол жеткізуге тырысады. Олардың мұнысына мұрындық болатын терең тамыр
жайған күрделі сарындар, олар Роберт Браунингтің мына бір тіркесімен бәрінен жақсы
түсіндіріледі: "...адамның бірдеңеге қолын жеткізу мүмкіндігі сол бірдеңені ұстап алу
мүмкіндігінен асып түсуі керек, олай болмаса аспан не үшін тұр?". Осылайша, олар
Американың қуатын сыни тұрғыдан аса мұқият бағалайды, олардың мүдделері сәйкес
келетін шекті немесе одан тысқары американ мүдделерімен қарама-қайшылыққа түсетін
шекті айқындайды, содан кейін американ саясатымен кейде үйлесетін, кейде оған кереғар
болып шығатын төл, неғұрлым шектеулі еуразиялық міндеттерін қалыптастырады.
Құрама Штаттар осындай сарындармен қимылдайтын еуразиялық мемлекеттерге ерекше
көңіл бөлуге тиіс.