Page 20 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.бжезинский. ҰЛЫ ШАХМАТ ТАҚТАС

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
Американ жаһандық басымдығын пайдалану мына бір фактыға нәзік үн қатуға тиіс:
халықаралық қатынастарда саяси география принципті маңызды пайым болып қалып
отыр. Бірде Наполеон өзіңнің географияңды білу дегеніміз өзіңнің сыртқы саясатыңды
білу деп мәлімдепті дейді. Алайда біздің саяси географияның маңызын түсінуіміз биліктің
соны шындығына бейімделуі тиіс.
Халықаралық қатынастар тарихының көп бөлігі үшін аумақтық бақылау саяси
жанжалдардың шоғырланар тұсы болып отырған. Ұлтшылдық пайда болған кезеңнен
бастап қантөгіс соғыстардың көпшілігінің себебі не көбірек аумаққа қол жеткізуге
бағытталған өзінің ұлттық ұмтылыстарын қанағаттандыру, не "қасиетті" жерден айрылып
қалуға байланысты ұлттық шығынға ұшырау сезімі болған. Ұлт-мемлекеттің тәртібін
басқаратын негізгі серпін аумақтық императив болды десек, артық айтқандық бола
қоймайды. Империялар да Гибралтар, Суэц каналы немесе Сингапур сияқты өмірлік
маңызы бар географиялық игіліктерді мұқият ойластырып жаулап алу және ұстап тұру
арқылы құрылған, ол игіліктер империялық бақылау жүйесінде өзекті тоспалар немесе
құлыптар қызметін атқарған.
Ұлтшылдық пен аумақтық иелік арасындағы байланыстың ең экстрамалдық көрінісін
нацистік Германия мен императорлық Жапония паш етті. "Мыңжылдық рейх" құру
әрекеті барлық неміс тілді халықтарды бір саяси шатырдың астына біріктіру міндетінің
шеңберінен шығып, сондай-ақ Украинаның астықты аймақтарын, дәл сол секілді басқа да
славян жерлерін бақылап ұстау ниетіне шоғырландырылды, ал олардың халықтары
империялық иеліктерге арзан құлдық еңбек беріп тұруға тиіс болатын. Маньчжурия
аумағына, ал кейінірек мұнай шығатын голландиялық Ост-Үндістанға тікелей аумақтық
иелік ету жапондардың ұлттық қуатқа және жаһандық статусқа ұмтылыстарын
қанағаттандыру үшін елеулі маңызы бар деген тыным бермес идеямен сырқат еді. Осы
арнада ғасырлар бойғы Ресейдің ұлттық ұлылығы оның аумақ қосып алуымен теңестіріліп
тәпсірленді, тіпті XX ғасырдың соңында Ресей өмірлік маңызы бар мұнай құбырының
айналасында тұратын чешен халқын бақылауда ұстау жөнінде өзінің табанды талап
қоюын, мұндай бақылау Ресейдің ұлы держава ретіндегі мәртебесі үшін принципті
маңызды деген мәлімдемемен ақтады.
Ұлт-мемлекетгер әлемдік жүйенің негізгі буындары күйінде қалып отыр. Ұлыдержавалық
ұлтшылдықтың құлдырауы және идеологиялық компоненттің әлсіреуі жаһандық
саясаттың эмоциялық мазмұнын төмендеткенімен, ядролық қару күш қолдану тұрғысынан
елеулі тежеуші сәттер енгізген тұста аумаққа ие болуға негізделген бәсеке, тіпті оның
пошымдарында бүгін таңда неғұрлым өркениятты түрге ие болу тенденциясы орын алса
да, халықаралық қатынастарда әлі де басым болып отыр. Бұл бәсекеде географиялық
жағдай ұлт-мемлекеттің сыртқы саяси басымдықтарын белгілеу үшін әлі де мәселенің
түпқазығы болып қалып, ал ұлттық аумақтың көлемі бұрынғысынша статус пен күштің
аса маңызды өлшемі ретіндегі мәнін сақтап отыр.
Алайда кейінірек ұлт-мемлекеттердің көпшілігі үшін аумақтық иеліктер мәселесі өзінің
маңызын жоғалта бастады. Кейбір мемлекеттердің сыртқы саясатын қалыптастыруда
аумақтық дау-дамайлар маңызды сәт боп қалатын шамада ол дау-дамайлар көбіне-көп
аумақтарды ұлғайту арқылы ұлттық статусты нығайтуға ұмтылыс емес, этностық
бауырларына өзін-өзі билеуге келісім бермеуіне байланысты өкпе мәселесі (олардың
айтуынша, олар "отан - анаға" қосылу құқығынан айырылған) немесе көршісінің этностық
азшылыққа нашар қарауына байланысты наразылық проблемасы болып табылады.