Page 8 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.харингтон. ӨРКЕНИЯТТАР ҚАҚТЫҒ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
Тарихтың барысында араб-ислам өркенияты мәжусилік, анимистік көзқарасқа, ал бүгінде
негізінен христиандық Оңтүстіктің қара нәсілді халқына тұрақты антагонистік
ықпалдастықта болды. Бұрын мұндай антагонизм құл сатушы араб пен қара түсті құл
бейнесінде көрініс табатын. Қазір ол Суданда араб және қара түсті халық арасындағы
бітпейтін азамат соғысынан, Чадта инсургенттер (оларды Ливия қолдайды) мен үкімет
арасындағы қарулы күрестен, Горн мүйісінде православиелік христиандар мен
мұсылмандар арасындағы қырбайлықтан, сондай-ақ Нигерияда мұсылмандар мен
христиандар арасындағы қантөгіске дейін баратын саяси жанжалдардан көрінеді. Африка
континентінде христиандықтың жаңғыру және таралу процесі осынау өркениятаралық
бөлініс сызығы бойында зорлық-зомбылық ықтималдығын бәрінен бұрын тек қана
ұлғайтады. Ахуалдың ушығуының нышаны Иоанн II Павел папаның 1993 жылғы ақпанда
Хартумда сөйлеген сөзі болды. Бұл сөзінде ол Судан исламдық үкіметінің христиандық
азшылыққа қарсы бағытталған қарекеттерін айыптады.
Ислам аймағының солтүстік шептерінде жанжал негізінен православие және мұсылман
халықтары арасында өрістеуде. Бұл арада Босния мен Сараеводағы қырғынды, сербтер
мен албандар арасындағы бәсеңдемеген күресті, Болгариядағы болгарлар мен түрік
азшылығы арасындағы шиеленіскен қарым-қатынастарды, осетиндер мен ингуштар,
армяндар мен әзірбайжандар арасындағы қантөгіс қақтығыстарды, орыстар мен
мұсылмандар арасындағы Орталық Азиядағы жанжалдарды, Ресей мүддесін қорғау
мақсатында Орталық Азия мен Кавказда ресейлік әскерлерді орналастыруды тілге тиек
ету керек. Дін түлей бастаған этностық өзін ұқсату отына май құюда, және осының бәрі
орыстардың өздерінің оңтүстік шекаралары үшін қауіптенуін күшейтеді. Бұл
алаңдаушылықты А.Рузвельт байқады. Ол мынаны жазады: "Ресей тарихының
айтарлықтай бөлігі славяндар мен түркілер арасындағы шекаралық күреске толтырылған.
Бұл күрес бұдан мың жылдан артық уақыт бұрын Ресей мемлекетінің негізі қаланған
кезеңде басталған еді. Славяндардың шығыстағы көршілерімен мың жылдық күресі - тек
Ресей тарихын ғана емес, ресейлік мінез-құлықты түсінудің де кілті. Бүгінгі ресейлік
нақты болмысты түсіну үшін көптеген ғасырлар бойы орыстарды алаңдатып келген түркі
этностық тобы туралы ұмытуға болмайды".
Өркенияттар жанжалының тамыры Азияның басқа аймақтарында да тереңге кеткен.
Мұсылмандар мен үнділер арасындағы тарих қойнауына кететін күрес бүгінде тек
Пәкстан мен Үндістан арасындағы бәсекелестіктен ғана емес, Үндістанның ішіндегі
айбарағы барған сайын күшейіп келе жатқан үнділік топтар мен айтарлықтай көп
мұсылман азшылығы арасындағы діни дұшпандықтың күшеюінен де көрініп отыр. 1992
жылдың желтоқсанында Айодха мешіті қиратылғаннан кейін, Үндістан дүниауи һәм
демократиялық мемлекет болып қала ма, индуистік мемлекетке айнала ма деген сұрақ
көлденеңдеді. Шығыс Азияда Қытай барлық дерлік көршілеріне аумақтық талап қоюда.
Ол Тибетте буддашыларды аяусыз талқандады, ал қазір саны аз түркі - ислам
халықтарына да дәл соны істеуге дайын. "Қырғи қабақ" соғыс аяқталғаннан кейін Қытай
мен АҚШ арасындағы кереғарлық адам құқықтары, сауда және жаппай қырып-жоятын
қаруды таратпау проблемасы салаларында ерекше күшпен көрінеді, және оның
жұмсаруына ешқандай үміт жоқ. Дэн Сяопин 1991 жылы айтқандай, "Қытай мен Америка
арасындағы жаңа қырғи қабақ соғыс жалғасуда".
Дэн Сяопиннің сөзін Жапония мен АҚШ арасындағы барған сайын күрделі болып бара
жатқан қатынасқа да қаратып айтуға болады. Мәдени айырмашылықтар бұл елдердің
арасындағы экономикалық жанжалды күшейтуде. Әрбір тарап басқа тарапты нәсілшілдігі
үшін айыптайды, бірақ бері салғанда, АҚШ тарапынан бөлектеу нәсілдік емес, мәдени
сипатқа ие. Іргелі құндылықтары, ұстанымдары мен тәртіп стилі бойынша бір-бірінен