Page 7 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.харингтон. ӨРКЕНИЯТТАР ҚАҚТЫҒ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң шегінетін кезек Батысқа келді. Отаршыл
империялар ғайып болды. Әуелі араб ұлтшылдығы, содан кейін мұсылман
фундаментализм! де бас көтерді. Батыс өзін энергия көздерімен жабдықтап отырған
Парсы шығанағы елдеріне ауыр тәуелділікке ұшырады - мұнайға бай мұсылман елдері
ақшаға, ал құлқы болса, қаруға да байыды. Арабтардың және Батыстың қолпаштауымен
құрылған Израильдің арасында бірнеше соғыс болды. 50-жылдардың он бойында Франция
Алжирде толассыз қантөгіс соғыс жүргізді. 1956 жылы британ және француз әскерлері
Египетке басып кірді. 1958 жылы американдар Ливанға енді. Кейін олар оған бірнеше рет
қайтып оралды, сондай-ақ Ливияға шабуыл жасады және Иранмен толып жатқан әскери
қақтығыстарға қатысты. Бұған жауап ретінде араб және ислам ылаңкестері кем дегенде үш
таяушығыстық үкіметтің қолдауымен әлсіздердің тәсілін пайдаланып, батыстың ұшақтары
мен ғимараттарын жара бастады, адамдарын кепілдікке алды. Батыс пен араб елдерінің
арасындағы соғыс ахуалы 1990 жылы шырқау шыңына шығып, бір араб елдерін
басқаларының басқыншылығынан қорғау үшін АҚШ Парсы шығанағына мол әскер
жіберді. Бұл соғыс аяқталғаннан кейін НАТО жоспарлары "оңтүстік шекаралардың"
бойындағы ықтимал қауіп пен тұрақсыздықты ескере отырып жасалатын болды.
Батыс пен ислам дүниесінің арасындағы әскери текетірес тұтас ғасыр бойы жалғасып
келеді және оның жұмсаратыны жөнінде ешқандай ишара байқалмайды. Керісінше, ол
бұдан да бетер ушығып кетуі мүмкін. Парсы шығанағындағы соғыс көптеген арабтарды
мақтаныш сезіміне бөледі - Саддам Хусейн Израильге айбарақ жасап, Батысқа қарсылық
көрсетті. Бірақ, нақ сол Батыстың Парсы шығанағында әскери күш орналастыруынан,
оның күш тұрғысындағы басымдығынан және өз тағдырын өзі айқындауға айдан анық
қабілетсіздігінен туындаған қорлық пен реніш сезімдерін де өрбітті. Оның үстіне көптеген
араб елдері - мұнай экспортерлары ғана емес - экономикалық және әлеуметтік дамудың
автократиялық басқару пошымдарымен сайыспайтын деңгейіне жетті. Онда демократия
енгізу әрекеттері барған сайын табанды бола түсуде. Кейбір араб елдерінің саяси жүйелері
біршама ашықтық мөлшеріне ие болды. Бірақ бұл негізінен ислам фундаменталистерінің
пайдасына жүре бастады. Қысқасы, батыстық демократия араб дүниесінде батысқа қарсы
саяси күштерді нығайтып отыр. Бәлкім, бұл өткінші құбылыс болар, бірақ ол ислам елдері
мен Батыстың арасындағы қатынастарды сөз жоқ қиындата түседі.
Бұл қатынастар демократиялық факторлармен де шиеленістіріледі. Араб елдерінде,
әсіресе Солтүстік Африкада, халықтың шапшаң өсуі Батыс Еуропа елдеріне эмиграцияны
ұлғайтуда. Өз кезегінде батыс еуропалық елдер арасындағы ішкі шекараларды біртіндеп
жою тұсында болып жатқан эмигранттардың қаптауы өткір саяси тыжырыну құбылысын
тудырды. Италияда, Францияда және Германияда нәсілшілдік пиғылдар барған сайын
ашық пошымға ие болуда, ал 1990 жылдан бастап араб және түрік эмигранттарына саяси
реакция мен зорлық-зомбылық көрсету ұдайы күшейіп барады.
Екі жақ та ислам және батыс дүниелері арасындағы ықпалдастықтан өркенияттар
жанжалын көреді. "Батысты мұсылман дүниесімен текетірес күтіп тұрғаны даусыз, - деп
жазады мұсылман дініндегі үнді журналисі М.Акбар. - Ислам дүниесінің Мағрибтан
Пәкстанға дейін кеңінен таралу фактысының өзі жаңа әлемдік тәртіп үшін күреске алып
барады". Осыған ұқсас тұжырымға Б. Льюис те келеді: "Біздің алдымызда көңіл күйі мен
қозғалыстың мүлде басқа деңгейі тұр, солар өздерін пайдаланып қалғысы келетін саясат
пен үкіметтердің қадағалауына пысқырмайды. Бұл қалай қарасаң да тұп-тура өркенияттар
жанжалы - бұл бәлкім, біздің иудейлік-христиандық дәстүрге, біздің дүниауи қазіргімізге
және екеуінің де жаһандық экспансиясына қарсы біздің ежелгі бақталасымыздың, бәлкім
иррационалдық, бірақ тарихи туындаған реакциясы ".