Page 9 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.харингтон. ӨРКЕНИЯТТАР ҚАҚТЫҒ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
неғұрлым алыс тұрған басқа екі қоғамды елестету қиын. АҚШ-тың Еуропамен
экономикалық алауыздықтары одан кем емес, бірақ олар саяси жағынан соншалық бедерлі
және эмоциялық бояуы қалың емес, өйткені американдық және еуропалық мәдениеттер
арасындағы қайшылықтар салмағы американдық және жапондық өркенияттар арасындағы
қайшылықтарға қарағанда әлдеқайда бәсең.
Әрқилы өркенияттар ықпалдастығында зорлық-зомбылықтың болу мүмкіндігінің деңгейі
де әрқилы болуы мүмкін. Американдық және еуропалық субөркенияттар арасындағы
қатынастарда экономикалық бәсеке басым, жалпы алғанда Батыс пен Жапония
арасындағы қатынастарда да солай. Сонымен бір мезгілде Еуразияда жайылып бара
жатқан, "этностық тазалауға" дейін баратын этностық жанжалдар тіпті де сирек емес.
Олар әртүрлі өркенияттарға жататын топтардың арасында бәрінен жиі болады, және
мұндай жағдайда ең шетін пошымдарға дейін асқынады. Еуразия континентерінің
өркенияттары арасындағы тарихи қалыптасқан шекаралар қазір тағы да жанжалдар отына
оранып отыр. Осынау жанжалдар Солтүстік Африка мен Орталық Азия арасындағы
кеңістікте жарты ай тәрізді созылып жатқан ислам дүниесінің шекараларында ерекше
ширығып кетеді. Бірақ зорлық-зомбылық, бір жағынан, мұсылмандар арасында да, екінші
жағынан, Балқандағы православиелік сербтер, Израильдегі еврейлер, Үндістандағы
үнділер, Бирмадағы буддашылдар және Филиппиндегі католиктер арасындағы
жанжалдарда да қолданылады. Қай жерде болмасын ислам әлемінің шекаралары қанмен
суарылған.
Өркенияттардың топтасуы: "бауыр елдер" синдромы
Бір өркениятқа жататын топтар немесе елдер басқа өркеният адамдарымен соғысқа
тартылған кезде, табиғи түрде өз өркенияты өкілдерінің қолдауына ие болуға тырысады.
Қырғи қабақ соғыс аяқталғаннан кейін жаңа әлемдік тәртіп қалыптаса бастады, және
соның қалыптасуы барысында бір өркениятқа тиесілілік немесе Х.Д.С.Гринвей айтқандай,
"бауыр елдер синдромы" ынтымақтастық пен коалициялардың негізгі принципі ретінде
саяси идеологияның және күштер балансын қолдап отырудың дәстүрлі пиғылдарының
орнына келді. Соңғы кездердегі жанжалдардың бәрі - Парсы шығанағындағы, Кавказдағы,
Босниядағы жанжалдар - бұл синдромның біртіндеп пайда бола бастағанын айғақтайды.
Рас, бұл жанжалдардың ешқайсысы да толық ауқымды соғыс болған жоқ, бірақ олардың
әрбірінде өркенияттардың іштей топтасу элементтері болды. Жанжалдардың даму
шамасына қарай осынау фактор барған сайын зор маңызға ие болып келеді. Оның қазіргі
рөлі - келешектің азаншысы.
Бірінші.
Парсы шығанағындағы жанжал барысында бір араб елі екінші араб еліне басып
кірді, содан кейін араб, батыс және басқа елдер коалициясымен күреске түсті. Шамалы
ғана мұсылман елдері ашықтан-ашық Саддам Хусейн жағына шыққанымен, бірақ
бейресми түрде көптеген араб елдерінің билеуші элиталары оған қолдау көрсетті, және ол
араб халқының қалың қыртыстары арасында орасан зор абыройға ие болды. Ислам
фундаменталистерінің бірі қалмастан ту сыртында Батыс тұрған Кувейт пен Сауд
Арабиясының үкіметтерін емес, Иракты қолдады. Араб ұлтшылдығына май құя отырып,
Саддам Хусейн исламға ашықтан-ашық жүгінді. Ол және оның жақтастары бұл соғысты
өркенияттар арасындағы соғыс етіп көрсетуге тырысты. "Бұл дүниенің Иракқа қарсы
соғысы емес, - делінеді Меккедегі Ум Аль Кура университетінің исламтану факультетінің
деканы Сафар Аль Хавалидің кеңінен белгілі болған сөзінде, - бұл Батыс исламға қарсы
соғысуда деген сөз". Иранның діни көшбасшысы аятолла Али Хомейни, Иран мен Ирак
арасындағы бәсекеден аттап өтіп, Батысқа қарсы ғазауат соғысына шақырды: "Американ
агрессиясына, қомағайлығына, жоспарлары мен саясатына қарсы күрес ғазауат деп