Page 15 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.харингтон. ӨРКЕНИЯТТАР ҚАҚТЫҒ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
православиелік-славяндық өркениятты басқара ма деген сұрақ Ресей тарихында талай рет
қойылды. Коммунистер жеңісінен кейін проблема бұрынғыдан әрі шым-шытырық болып
кетті: батыс идеологиясымен қаруланған коммунистер оны Ресей жағдайына бейімдеді,
сосын осынау идеология атынан Батыспен бәсекеге түсті. Коммунистік үстемдік
батысшылдар мен славяншылдар арасындағы тарихи айтыс-тартысты күн тәртібінен алып
тастады. Бірақ коммунизм абыройдан жұрдай болғаннан кейін, орыс халқы бұл
проблеммен қайтадан бетпе-бет келді.
Президент Ельцин Ресейді батыс дүниесінің "қалыпты" еліне айналдыруға тырысып,
батыстық принциптер мен мақсаттарды көшіріп алды. Алайда билік жүргізуші элита да,
Ресей қоғамының қалың бұқарасы да бұл жөніндегі пікірде қақ жарылады. Ресейді
батыстандырудың байыпты қарсыластарының бірі С. Станкевич Ресей өзін еуропалық ел,
дүниежүзілік экономикалық жүйенің бір бөлігі және дамыған елдердің қазіргі Жетілігінде
сегізінші нөмір ететін "атлантизм" жолынан бас тартуы тиіс, ол Атлантикалық одақтың
жетекші елдері - Германия мен АҚШ-қа иек артпауы керек деп санайды. Таза
"еуразиялық" саясатты да серпіп тастай отырып Станкевич Ресей шет елдерде тұратын
орыстарды қорғауға бірінші дәрежелі назар аудару керек деп біледі. Ол Ресейдің түркілік
және мұсылмандық байланыстарын атап көрсете отырып, соған қарамастан: "Ресей
ресурстарын неғұрлым оңтайлы қайта бөлуді, басымдықтарын, байланыстары мен
мүдделерін Азия пайдасына - Шығыс бағытына қайта қарауды талап етеді. Бұл тұрғыдағы
адамдар Ельцинді Ресейдің мүдделерін Батысқа бағындырғаны үшін, оның қорғаныс
қуатын әлсіреткені үшін, дәстүрлі одақтастарды, мысалы, Сербияны қолдаудан бас
тартқаны үшін, және халықты қисапсыз азапқа ұрындырған экономикалық және саяси
реформалар жолын таңдағаны үшін сынайды. Осынау тенденцияның бір көрінісі
П.Савицкий идеяларының қайта жандануы болып табылады, ол 20-жылдардың өзінде
Ресей "бірегей еуразиялық өркеният" деп жазған болатын.* Бұдан да қатаңырақ естілетін,
кейде бүкпесіз ұлтшылдық, антибатыстық және антисемиттік реңктегі дауыстар да бар.
Олар Ресейдің әскери қуатын қалпына келтіруге және Қытаймен, мұсылман елдерімен
неғұрлым тығыз байланыс орнатуға шақырады. Ресей халқы саяси элитадан кем қақ
жарылмаған. 1992 жылдың көктеміндегі елдің еуропалық бөлігінде жүргізілген қоғамдық
пікір сауалнамасы көрсеткеніндей, халықтың 40 пайызы Батысқа іш тарта қараса, 36
пайызы қырбай қарайды. 90-жылдардың басындағы Ресей, өзінің бүкіл тарихындағыдай,
іштей қақ жарылған ел болып қалып отыр.
Іштей қақ жарылған ел қайтадан өзінің мәдени ұқсастығына ие болу үшін үш шарт
сақталуға тиіс. Біріншіден, бұл елдің саяси және экономикалық элитасы жалпы алғанда
осынау қадамды қолдап, құттықтауы қажет. Екіншіден, оның халқы, мейлі құлықсыз
болса да, жаңа ұқсастықты қабылдауға келісетін болуға тиіс. Үшіншіден, іштей қақ
жарылған ел енгісі келетін өркенияттың үстемдік етуші топтары "жаңа үмбетті"
қабылдауға дайын болуға тиіс. Мексика жағдайында үш шарт та сақталған. Түркия
жағдайында - алғашқы екеуі. Ал енді Батысқа қосылғысы келетін Ресеймен гәп қандай -
бұл мүлдем айқын емес. Либералдық демократия мен марксизм-ленинизмнің арасындағы
жанжал, бүкіл өзгешеліктеріне қарамастан, сырттай болса да, бостандық, теңдік және
гүлдену тәрізді бірдей негізгі мақсаттарды алдына қойған идеологиялар жанжалы болды.
Дәстүршіл, авторитарлық, ұлтшыл Ресей мүлдем өзге мақсаттарға ұмтылатын болады.
Батыстық демократ кеңестік марксиспен интеллектуалдық айтыс жүргізе алатын. Бірақ
бұл орыс дәстүршілімен мүмкін емес. Және егер орыстар, марксист болуды қойып,
либералдық демократияны қабылдамаса және өздерін батыс адамдарындай емес, ресейлік
ретінде ұстайтын болса, онда Ресей мен Батыс арасындағы қатынас тағы да алшақ та
дұшпандық қатынасқа айналуы мүмкін.