Page 13 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.харингтон. ӨРКЕНИЯТТАР ҚАҚТЫҒ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
батыстық саяси һәм экономикалық құндылықтарды орнықтыра отырып, дүниені билеу
үшін қолданады.
Батыстық емес елдер бүгінгі дүниені, бері салғанда, осылай көреді, әрі олардың
көзқарасында ақиқаттың айтарлықтай бөлігі бар. Билік ауқымындағы айырмашылықтар
мен әскери, экономикалық және саяси билік үшін күрес, осылайша, Батыс пен басқа
өркенияттар арасындағы жанжал көздерінің бірі болып табылады. Жанжалдың енді бір
көзі - мәдениеттегі, базалық құндылықтар мен наным-сенімдердегі айырмашылықтар.
В.С.Нейпол батыстық өркеният-әмбебап және барлық халықтар үшін жарамды деген
пікірді кесіп айтатын. Үстірт деңгейде батыс мәдениетінен көп нәрсе қалған әлемге
шынында да сіңіп қалды. Бірақ тереңде жатқан деңгейде батыстық көзқарастар мен
идеялар басқа өркенияттарға тән көзқарастар мен идеялардан түбегейлі өзгешеленеді.
Исламдық, куңфудзылық, жапондық, индуистік, буддалық және православиелік
мәдениеттерде батыстың индивидуализм, либерализм, конституционализм, адам құқығы,
теңдік, бостандық, заңның үстемдігі, демократия, еркін базар, шіркеуді мемлекеттен болу
сияқты идеялары мақұлдау таба алмайды деуге болады. Осынау идеяларды насихаттауға
бағытталған Батыстың күш-жігері көбіне-көп "адам құқығы империализміне" қарсы
дұшпандық реакция туғызып, төл мәдениетінің бәз-баяғы құндылықтарын нығайтуға
жәрдемдеседі. Мұны, атап айтқанда, батыстық емес елдер жастарының діни
фундаментализмді қолдауы айғақтайды. Тіпті "әмбебап өркенияттың" мүмкін екендігі
туралы тезистің өзі - батыстық идея. Ол көптеген азиялық мәдениеттердің
партикуляризміне, бір адамдарды басқалардан бөліп тұратын артықшылықтарға баса мән
беретін партикуляризмге тікелей кереғар. Шынында да, әртүрлі қоғамдардағы жүз
құндылықтық нұсқаулардың елеулілігін салыстырмалы зерттеу көрсеткеніндей, "Батыста
бірінші дәрежелі маңызы бар құндылықтардың қалған дүниеде маңызы әлдеқайда төмен".
Саяси салада бұл айырмашылықтар Құрама Штаттар мен басқа Батыс елдерінің батыстық
демократия мен адам құқықтары идеяларын басқа елдердің халықтарына күштеп таңу
әрекеттерінен анық байқалады. Басқарудың қазіргі демократиялық пошымы тарихи
жағынан Батыста қалыптасқан. Егер ол кейбір батыстық емес елдерде беркіген болса, тек
батыс отаршылдығының немесе қысымының салдары ретінде орныққан.
Барлық нышандарға қарағанда, болашақта әлемдік саясаттың орталық өзегі, К. Махбубани
айтқандай, "Батыс пен қалған әлемнің" арасындағы жанжалға және батыстық емес
өркенияттардың батыстың қуаты мен құндылықтарына реакциясы болады." Осы
тақылеттес реакция, әдетте, төмендегі үш пошымның біреуін, немесе олардың ұштасуын
қабылдайды.
Біріншіден, және бұл ең шетін нұсқа, батыстық емес елдер Солтүстік Кореяның яки
Бирманың үлгісіне еріп, оқшаулануға - өз елдерін Батыстың еніп ірітуінен қорғауға, шын
мәнісінде Батыс үстемдік етіп отырған дүниежүзілік қоғамдастықтың өміріне қатысудан
бас тартуы мүмкін. Бірақ мұндай саясат үшін өте қымбат күн төлеуге тура келеді,
сондықтан оны тек санаулы елдер ғана толық қабылдады.
Екінші мүмкіндік - Батысқа қосылуға және оның құндылықтары мен институттарын
қабылдауға тырысып көру. Халықаралық қатынастар теориясының тілінде мұны
"пойыздың басқышына жармасып үлгеру" деп атайды.
Үшінші мүмкіндік - экономикалық және әскери қуатты дамыта және Батысқа қарсы басқа
батыстық емес елдермен ынтымақтаса отырып, Батысқа қарсы бәс жасауға тырысу.
Сонымен бір мезгілде бағзы ұлттық құндылықтар мен институттарды сақтауға, басқаша
айтқанда, жаңғыруға болады, бірақ батыстанбау керек.