Page 11 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.харингтон. ӨРКЕНИЯТТАР ҚАҚТЫҒ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
бастады. Екінші жағынан, Борис Ельцин үкіметі православиелік сербтермен қарым-
қатынасты бүлдірмеу үшін әрі Ресейді Батысқа қарсы қоймау үшін еш жаққа бұра
қоймайтын саясат ұстануға тырысты. Соған қарамастан, арасында халық депутаттары да
аз болмаған ресейлік консерваторлар мен ұлтшылдар сербтерге тиісті қолдау көрсетпегені
үшін үкіметке байбалам салды. 1993 жылдың басында серб әскерлерінде бірнеше жүз
ресейлік азамат қызмет атқарды, ал Сербияға, хабарларға сәйкес, Ресей қаруы беріліп
тұрды.
Исламдық үкіметтер мен саяси топтастықтар, өз кезегінде Батысты босниялық
мұсылмандарды қорғамады деп жазғырды. Иран басшылары бүкіл дүние жүзі
мұсылмандарын Боснияға көмек көрсетуге шақырды. БҰҰ-ның эмбаргосына қарамастан,
Иран Боснияға солдаттар мен қару-жарақ беріп отырды. Иран қолдайтын ливандық
топтастықтар босниялық қарулы күштерді ұйымдастыру және үйрету үшін шыныққан
жауынгерлер жіберді. 1993 жылы Боснияда жиырмадан аса мұсылман елдерінен 4000-ға
жуық мұсылман соғысқа қатысты деген хабар таратылды. Сауд Арабиясының және басқа
елдердің үкіметтері Боснияны үзілді-кесілді түрде қолдауды талап еткен
фундаменталистік топтар тарапынан барған сайын күшті қысымға ұшырай бастады.
Хабарларға сәйкес, 1992 жылдың аяғына қарай Сауд Арабиясы босниялық
мұсылмандарды қару-жарақпен және азық-түлікпен жабдықтауды шын мәнісінде
қаржыландырып отырды. Бұл сербтер алдында олардың жауынгерлік қабілеттілігін
айтарлықтай арттырды.
30-жылдары Испаниядағы азамат соғысы саяси тұрғыдан фашистік, коммунистік және
демократиялық болған елдердің араласуын туғызған болатын. Бүгінде, 90-жылдары,
Югославиядағы жанжал мұсылман, православиелік және батыс христиандық болып
бөлінетін елдердің араласуын туғызып отыр. Бұл параллель байқалмай қалмады. "Босния
мен Герцеговинадағы соғыс Испаниядағы азамат соғысы жылдарындағы фашизмге қарсы
күрестің эмоциялық эквивалентіне айналды, - деді Сауд Арабиясынан бір шолушы. - Бұл
соғыста қаза тапқандар мұсылман бауырларын құтқару жолында жанын қиған шейіттер
деп саналады".
Жанжалдар және зорлық-зомбылық бір өркениятқа жататын мемлекеттер арасында да,
сондай-ақ сол елдердің ішінде де болуы мүмкін. Бірақ олар, әдетте, өркенияттар
арасындағы жанжалдар сияқты соншалықты қауырт та көлемді болмайды. Бір өркениятқа
тиесілілік, сондай тиесілілік болмаған жағдайда гәп сөзсіз соған жететін зорлық-
зомбылықтың ықтималдығын кемітеді. 1991-92 жылдары көптеген адамдарды Ресей мен
Украина арасында әскери қақтығыс болуының ықтималдығы алаңдатты, ол қақтығыс
даулы аумақтар - бірінші кезекте Қырым, - сондай-ақ Қара теңіз флоты үшін, ядролық
арсеналдар және экономикалық проблемалар үшін тұтануы мүмкін еді. Бірақ егер бір
өркениятқа тиесіліліктің қандай да бір маңызы болса, онда Ресей мен Украина арасындағы
қарулы жанжалдың ықтималдығы тым көп те емес. Бұлар, ғасырлар бойы тығыз
байланыста болған, негізінен православиелік діндегі екі славян халқы. Сондықтан да 1993
жылдың басында жанжал үшін сұранып тұрған барлық себептерге қарамастан, екі елдің де
басшылары ойдағыдай келіссөздер жүргізіп, алауыздықтарды жоя алды. Бұл кезде
бұрынғы Кеңес Одағының аумағында мұсылмандар мен христиандар арасында елеулі
ұрыстар жүріп жатты; тікелей қақтығыстарға дейін жеткен шиеленіс Балтық
жағалауындағы батыстық және православиелік христиандар арасындағы қатынастарды
анықтады; бірақ орыстар мен украиндар арасында іс зорлық-зомбылыққа дейін жеткен
жоқ.