Page 5 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.макиндер. ТАРИХТЫҢ ГЕОГРАФИЯЛ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
мақсат франктарды, готтар мен Рим провинцияларының тұрғындарын тұңғыш рет Шалон
түбіндегі ұрыс даласында тізе қосуға мәжбүр етті; сөйтіп олар өз еркінен тыс қазіргі
Францияны құрады. Аквилея мен Падуяның қирауының нәтижесінде Венецияның негізі
қаланды; және тіпті папалық өзінің орасан зор беделі үшін Лев папаның Миланда
Аттиламен ойдағыдай бітімгерлік жүргізуіне қарыздар. Басқарылмайтын жазықтарға
толып кеткен қатыгез тобыр, мәдениеттен еш хабары жоқ салт аттылар жасаған нәтижелер
осындай болды. Бұл азиялық сом балғаның елсіз кеңістікке сілтенген еркін соққысы еді.
Ғұндардың ізін баса аварлар келді. Нақ солармен күресте Австрияның негізі қаланды, ал
Ұлы Карл жорықтарының нәтижесінде Вена нығайтылды. Содан кейін мадьярлар келіп,
өздерінің Венгрия аумағында орналасқан қосындарынан жүргізген үздіксіз
шапқыншылығының арқасында австриялық алғы шептің маңызын арттырды, сөйтіп
назарды Германиядан шығысқа, осы корольдіктің шекарасына қарай бұрды. Дунайдың
оңтүстігіндегі жерлерде болгарлар билеуші кастаға айналып, өздерінің атын әлем
картасында қалдырды, дегенмен олардың тілі өздері бағындырған славян халықтарына
сіңіп кетті. Тегінде, орыс далаларында ең ұзақ әрі ықпалды болғандар сарациндердің ұлы
қозғалысының замандастары - хазарлардың қоныстануы шығар: араб географтары Каспий
яки Хазар теңізін білген. Бірақ, ақыр соңында Моңғолиядан жаңа ордалар келді де,
аталған аумақтардан солтүстікке қарай орман ішінен орын алған орыс жерлері екі жүз
жыл бойы моңғол хандарына немесе "Далаға" алым-салық төлеп тұрды, сөйтіп қалған
Еуропа алға жылдам қадам басқанда, Ресейдің дамуы тежеліп, бағытынан тайдырылды.
Мынаны да ескеру керек, сол ормандардан шығып, Қара және Каспий теңіздеріне
жөңкілген өзендер көшпенділердің бүкіл далалық жолын кесе ағады, және осы ағыстың
бойында жаңағы аттылардың жолына қарсы кездейсоқ қозғалыстар болып тұрды.
Мәселен, грек шіркеуінің миссионерлері Днепрдің бойымен Киевке дейін көтерілді, бұл
осыдан біраз ғана бұрын солтүстіктік варягтар осы өзенмен Константинопольге дейін
түскені секілді еді. Алайда одан да бұрын германдардың гот тайпасы Балтық жағалауынан
нақ сол оңтүстік-шығыс бағытында Еуропаны басып өтіп, Днестр жағасында аз уақыт бой
көрсеткен еді. Бірақ бұлардың бәрі, өткінші эпизодтар, алайда олар неғұрлым кең
қорытулар жасауға кедергі болмайды. Он ғасыр бойы аттылы көшпенділердің бірнеше
толқыны Азиядан шығып, Орал мен Каспий теңізінің арасындағы кең жазық арқылы
Ресей Оңтүстігінің ашық кеңістігін кесіп өтіп, Венгриядан тұрақты қоныс тапты,
Еуропаның дәл жүрегіне жетті, сөйтіп өзімен көршілес халықтардың тарихына сөзсіз
қарама-қарсы тұру сәтін енгізді: орыстар, германдар, француздар, итальяндар және
византиялық гректер жөнінде солай болды. Олардың кең таралған деспотизм тұсында
қиратқыш оппозиция орнына өміршең әрі қуатты реакцияны ынталандыруы олардың
державаларының ылғи да көшіп отыратыны даланың өз ерекшелігінен туындауының және
маңайда тау мен орман пайда болғанда сөзсіз ғайып болуының арқасында мүмкін болды.
Державаның мұндай белсенділігі теңізші викингтерге де тән болатын. Олар
Скандиваниядан Еуропаның оңтүстік және солтүстік жағалауына түсіп, өзен жолдарын
пайдалана отырып, оның аумағына енді. Алайда олардың қарекеттерінің ауқымы шектеулі
еді, өйткені, әділін айтқанда, олардың билігі тек суға тікелей жанасып жатқан аумақтарға
ғана тарайтын. Осылайша Еуропаның отырықшы халқы шығысында көшпелі азиялықтар
және үш жағынан теңіз қарақшылары қысқан қысқаштың арасында қалды. Осынау
тараптардың ешқайсысы өзінің табиғатының арқасында бір - біpiнен асып кете алмайтын,
демек олардың екеуі де ынтандырушы ықпал етті. Айта кету керек, скандинавтықтардың
қалыптастырушылық ықпалы көшпенділердің осындай амалынан кейін екінші орында
тұрды, өйткені нақ солардың арқасында Англия мен Франция өз бірігуінің ұзақ жол
бастады, ал біртұтас Италия солардың соққысынан күйреді. Бір замандарында Рим өз
жолдарын пайдаланып, халқын жұмылдыра алатын еді, алайда енді Рим жолдары
жарамсыз болып қалды да, олар он сегізінші ғасырға дейін жөнделмеді.