Page 4 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ. Г. Спенсер. КІСІ ЖӘНЕ МЕМЛЕК

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
Бәлкім, солардың бірде-біреуі, егер мәжбүрлеуші билік және жазадан қорқу болмаса, өзі
маталған шартты орындамас еді деген Гоббстың топшылауын ақтау үшін оның
заманындағы адамдар шынында да, соншалық бұзылған болар. Ал біздің заманда,
мәжбүрлеу құқығы мойындалмайтын кездің өзінде "әділетті" және әділетсіз эпитеттерін
қолдануға болады.
Мен өзімнің достарымның арасынан жазамен қорқыту қажеттігінсіз-ақ өзінің уәдесіне
адал, мәжбүрлеуші билік бар болса да, жоқ болса да алған міндеттемесінің күші бірдей
болатын алты-жеті адамды атай алар едім - мен бұған кәміл сенемін. Алайда, Гоббстың
ештеңемен дәлелденбейтін гипотезасы оның мемлекеттік билік пайдасына жасалған уәжін
әлсіретеді деген ескертпеге тоқталып жатпай-ақ және бір мезгілде оның алғышарттарын
да, оның байламын да мойындай отырып, біз маңызды екі тұжырымға назар аударуымыз
керек. Олардың бірі - мемлекеттің сондай негізге сүйенетін билігі белгілі мақсатқа
жетудің, сол мақсатты жақындата түсуге қызмет ететін кезде ғана, құралы және заңды
бола алады: егер мақсатқа қол жетпесе, аталмыш гипотезаның негізінде билік те жоқ деген
тұжырым. Екіншісі - соның үшін билік соншалық маңыз алған мақсат - азаматтар
арасындағы қатынаста әділетті қолдап отыру ісін әділ сот міндетіне жүктеу деген байлам.
Қисынымен ойласақ, егер мәжбүрлеу шартты бұзуға бағытталған тікелей және жанама
қаскүнемдіктердің алдын алуға, не сыртқы жауларға қарсы қорғанысты ұйымдастыру
үшін қажетті болмаса, азаматтар жөніндегі ешқандай мәжбүрлеу әділетті бола алмайды.
Бұл арада біз жоғарғы биліктегі олардың қызметін Гоббс теориясынан шығатын толық
күйінде табамыз.
Гоббс өзінің уәждерін абсолютті монархия мүддесіне орайластырып құраған болатын.
Оның қазіргі мүриді Остин өзінің алдына заң беделін бір адамның немесе азды-көпті
адамдар тобының тұтас қауымға шектеусіз жоғарғы билігінен шығару мақсатын қояды.
Остин әуелгі кезде армияда қызмет еткен және ол туралы оның "Province of Jurisprudence"
атты шығармасында әскери қызметтің ізі жатыр деп әділетті айтатын. Егер біз, оның кісіні
жалықтырып жіберетін педанттығына, өзінің доктринасының мәнісін бүркемелеуге
қызмет ететін оның шексіз-шетсіз анықтамаларына және үздіксіз қайталауларына көңіл
аудармастан, сол доктрина неден құралатынын қарастырсақ, онда ол азаматтық билікті
әскери билікпен бірдей деп білетінін анық көреміз: ол мұның біріншісі де, екіншісі де
шығу тегі жағынан да, ықпал өрісінің кеңдігі жағынан да дау атаулыдан жоғары түр
дегенді айтады. Оң ыңғайдағы заңның күшін негіздеу үшін ол бізді биліктің
абсолютизміне оралып, оны монархияға, аристократияға немесе демократиялық
мемлекеттегі сайлаушылардың неғұрлым айтарлықтай бөлігіне телиді де, осыған сәйкес
сондай институтты жоғарғы басшы деп атап, оны қабілетсіздігінен немесе басқа себеппен
бағынышты болып қала беретін қалған қауымға қарсы қояды. Қарапайым не¬месе
күрделі, кең немесе тар ұжымның, өзі жоғарғы биліктің иесі деп атайтын ұжымның
шектеусіз билігін мойындап, дұрысы, ешқандай толғамсыз қабылдап, оған содан биліктің
оң ыңғайдағы заң деп атайтын декреттерін шығару түкке де тұрмайды. Бірақ ол
проблеманы шешкен жоқ, қайта алыстата түсті. Мәселе негізінен мынаны білуде: жоғарғы
билік қайдан шығады? Жеке бір адам немесе азшылық, яки коп адамдар топтың қалған
мүшелерінен сондайлық үстемдік құқығын қалай алады? Сыншыл ақыл толық негізбен
былай дей алар еді: "Оң ыңғайдағы заңды шексіз биліктен шығарып әуре болмаңыз; оның
шыққан тегі жеткілікті айдан анық: әуелі абсолютті билігіңізді дәлелдеп беріңіз".
Бұл сауалға сіз жауап ала алмайсыз. Остин доктринасының тиянақ нүктесін қарастырып
шығыңыз, сонда оның Гоббс доктринасынан артық негізделмегенін көресіз. Егер біз
құдайдан шығатындыққа немесе елшілікке жол бермесек, бір болар, коп болар басшысы
бар ешқандай үкімет, абсолют билікке дәмесінің негізділігін дәлелдей алмайды.