Page 3 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ. Г. Спенсер. КІСІ ЖӘНЕ МЕМЛЕК

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
ғұмырының ең соңғы кезеңінде ғана Дарвиннің уәждерімен келіседі. Саясатта да... көз
алдымызда сондай мысал түр. Мемлекеттің шексіз билігі туралы доктрина үнсіз
келісіммен мойындалған: осынау доктринаны торилар да, либералдар да ұстанады, бірақ
оның бастауы заң шығарушылар Құдайдың елшісі деп саналған замандарда жатыр.
Ол, құдай жіберген елшілер дегенге сенім жайына қалғанына қарамастан, осы кезге дейін
дәурендеп түр. Қандай да бір бейберекет килігудің заңдылығына күмән келтірген
азаматқа: "О! Парламент актысының құрығы ұзын" дейді де, азамат содан былай жақ
ашпайды. Мұндай құдіреттілік, тек материалдық жағынан мүмкін еместігінен ғана
шектелетін құдіреттілік қалайша, қашан және қай жерде пайда болды деп сұрау оның
ойына да келмейді.
Біз осынау құдіреттілікке күмән келтіруден қашпаймыз. Қазір бір кездері логика
талаптарына сай келген, жер бетінде патшалық құрған адам көкте патшалық ететін
құдайдың өкілі, сондықтан барлық адамдар соған барлық нәрседе бағынуға тиіс деген
теорияға енді сілтеме жасамайтындықтан, біз өз бөлігінің шыққан тегі көкте жатқанынан
дәметпейтін конституциялық немесе республикалық үкіметке барлық нәрседе
мойынсұнуға қандай негізбен міндеттіміз деп сұраймыз. Осынау сұрақтың бізді саяси
билікке қатысты бұрынғы және қазіргі теорияларды сынға алуға мәжбүр ететіні айдан
анық. Бәлкім, әлдеқашан шешілген мәселелерге қайта оралғанымыз үшін біз кешірім
сұрауға тиісті шығармыз, бірақ біз жалпы жұрт мойындаған теорияның... нашар
негізделгенінен немесе тіпті ешқандай негізі жоқ екендігінен жеткілікті кешірім табамыз.
Ең алдымен біз жоғарғы билік туралы ұғымды аламыз, және осы ұғымды ондай өкіметтің
жаратылыстан тыс шыққан тегін мойындамайтындардың бәрі қалай түсінетіндігі түріне
сыншыл көзқарас бізді Гоббс уәждеріне жетелейді.
Гоббстың "Адамдар өздерін қорқытып ұстайтын бір ортақ өкіметтің құзырында өмір
сүрмейтін кезде, олар бір-біріне қарсы ... соғыс деп аталатын ахуалда болады" деген
постулаты әділетті делік. Бірақ бұл шындық емес, олай дейтініміз, біз "оларды қорқытып
ұстайтын біртұтас ортақ өкіметсіз-ақ", сол өкімет бар қоғамдағыдан неғұрлым терең
тыныштық пен көбірек жарастық патшалық ететін өркениятсыз қоғамдар бар екенін
білеміз. Сондай-ақ Гоббс қоғамдардағы үкіметтік билік бастапқы кезде оларда тәртіпті
сақтап отыру үшін құрылды деп кесіп айтқанда, оныкі жөн еді деп-ақ топшылайық,
дегенмен пакты болмыста осынау билік әдетте шабуылдайтын немесе қорғанатын
тұстарда көсемге бағыну қажеттігінен туындайды және оу баста индивидтер құрған
ассоциацияда тәртіп сақтауға теориялық жағынан да, іс жүзінде де ешқандай қатынасы
болмайды. Тағы да, қауым мүшелері ұдайы қайталанып отыратын қақтығыстар
туындататын қасіреттерден құтылу үшін өздерінің арасында "шарт немесе келісім"
жасайды, ол бойынша солардың бәрі өздерінің бастапқы қарекет бостандығынан бас
тартады деген мүмкін емес гипотезаға да жөн екен деп жол берейік; тіпті солардың
ұрпақтары есте жоқ ескі заманда өздерінің ата-бабалары жасаған шартпен байланысты
дегенге де жол берейік. Сол мәліметтерге қарсы шықпай-ақ қоялық, деймін мен, солардан
Гоббс жасайтын байламдарға тікелей көшелік. Ол былай дейді:
"Ешқандай шарт жоқ жерде, ортақ құқықтардың белгілі бір бөлігі тапсырылмаған жерде,
әрбір адамның бәріне де құқығы болатын жерде, демек, ешқандай қарекет әділетсіз бола
алмайды, бірақ шарт бар жерде оны бұзу әділетсіздік және әділетсіздік дегеніміз шартты
орындамаудан өзге ештеңе де емес... Сондықтан, қандай да бір қылықты әділетті немесе
әділетсіз деп атаудан бұрын барлық адамдарды бірдей жазалану қатерімен, олар шартты
бұзу арқылы көргісі келетін пайдадан неғұрлым күшті сезілетін жазадан қорқыныш
арқылы олардың шартының орындалуына мәжбүр ету қатерімен мәжбүрлейтін биліктің
болуы қажет".