Page 10 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ. Г. Спенсер. КІСІ ЖӘНЕ МЕМЛЕК

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
еңбегінің ешқандай жемісіне ие болмаса да, жоғарғы билік берілген қауымның бір мүшесі
ретінде қалған барлығынын еңбегінің жемісіне меншіктің миллионнан біріне ие. Бұл
сөзсіз шығатын қорытынды. Бентамның пікірі бойынша, үкімет тек агент, ал ол
сыйлайтын құқықтар шындап келгенде үкімет өзінің мансабы бойынша, оларды
индивидке таратқанға дейін державалық халық оған сеніп тапсырған құқықтар; егерде бұл
солай болса, әрбір индивид қоғамның мүшесі ретінде сол құқықтардың миллионнан біріне
ие болады, ал жеке адам ретінде оның ешқандай құқығы жоқ. Соңғысын ол миллионның
қалған барлығы оған сол құқықтарды сыйлау үшін біріккенде ғана ие болады, ал оның өзі
миллионның басқа әрбір мүшесіне сол құқықтарды сыйлау үшін солармен бірігеді.
Осылайша, біз Бентамның сөйлемін қалай тәпсірлесек те тұтас бір оғаштықтар торына
шырмаламыз.
Тіпті неміс заңгерлерінің бұған қарама-қарсы пікірін білмей-ақ, тіпті өздерінің пікірі
ешқандай сыйға төтеп бере алмайтынын көрсетіп беретін талдау атаулысыз-ақ Бентамның
ізбасарлары жаратылыстық құқық доктринасына байыптылау қарай алар еді. Әлеуметтік
құбылыстардың әрқилы топтары бірдей күшпен осынау ілімнің негізділігін дәлелдейді, ал
оған дау айтатын уәждер өте нашар негізделген.
Жер бетінің әрқилы бөліктеріндегі кейбір тайпалар бізге белгілі бір үкімет пайда
болғанша өмір салттармен қалай реттелетінінің картинасын береді. Бочуадар "баяғыдан
бар салттарға" мойынсұнады. Коранн готтентоттары өзінің көсеміне мойынсұнғанан гөрі,
оған көбіне "төзеді", және "ежелгі салттар кереғар болмаған кезде өзіне әділетті көрінетін
қарекеттерді жасайды". Арауканелер "бастапқы қауымдық салттардан немесе үнсіз
келісімнен басқа ештеңені" басшылыққа алмайды. Қазақтарда ақсақалдардың пікірі
"жұрттың бәрі мойындайтын салттарға" негізделеді. Даяктар туралы Брук "салт тегінде
заңға айналған болуы керек, және салтты бұзу жазаланады" деп жазады. Жалпы бағзы
заманнан бар салттардың алғашқы қауымдық құрылыс адамдарына қасиетті екені
соншалық, үкімет орнатылғанда оның билігі солармен шектеледі. Мадагаскарда корольдің
сөзі "заң да, салт та, үлгі де жоқ кезде" ғана күшке не болады. Ридль Явада "елдің
салттары көсемдер ырқын шектейді" дейді. Суматрада да "көсемдердің бағзы салттарды
өзгертуіне жол берілмейді". Кейде тіпті - мысалы ашантиларда болғанындай - "кейбір
салттарды өзгерту әрекеті" патшаның тақтан тайдырылуына да апарып соқтырған.
Үкіметтің дүниеге келуіне дейін болған және сол үкімет бағынуға тиіс салттардың
арасынан біз кейбір жеке құқықтарды, белгілі бір түрде қимылдау және белгілі бір
нәрселерге ие болу құқықтарын мойындайтын салттарды табамыз. Меншік құқығы
мойындала қоймайтын жерлердің өзінде, біз қаруға, құралға, жеке әшекейлерге құқықты
табамыз және әдетте бұл құқық көптеген басқа нәрселерге таралады. Американың үкімет
жоқ үндістерінде, мысалы жыландар тайпасындағыдай, жылқыға жеке меншік бар.
"Ұйымдасқан үкіметі жоқ чипавейлерде жеке тұрақ, торға түскен жабайы аң-құс жеке
меншік деп саналады". Лашыққа, құралдарға және басқа жеке меншік жөніндегі осындай
фактылар актыларда, команчтарда, эскимостарда және Бразилия үндістерінде ұшырасады.
Әрқилы өркениятты халықтар арасында салт жаңадан тазартылған жерде өсірілген өнімді
жинап алу құқығын орнатты, бірақ жердің өзіне ондай құқықты орнатқан жоқ; ал
ешқандай саяси ұйымы жоқ тодтар, сондай айырмашылықты мал мен жер үшін де
жасайды. Кольф пен көптеген басқалар бейбітшіл арафурлар туралы "өздерінде ата-
бабалар салтымен ақсақалдар жасайтын шешімдерден басқа құқық көзі болмаса да, олар
меншік құқығын барынша кең мағынасында мойындайды" дейді. Бірақ өркенияттанбаған
тайпалар арасынан дәлелдер іздемей-ақ, өркенияттың алғашқы сатыларында біз оларды
жеткілікті мол табамыз. Бентам мен оның ізбасарлары тегінде біздің заңдарымыз шындап
келгенде "корольдіктің барлық салттарының" біртұтас етіп басын қосу екенін ұмытқан
болуы керек. Бұл заңдар өздеріне дейін болған нәрселерге тек ақтық пошым ғана берді.