Page 11 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ. Г. Спенсер. КІСІ ЖӘНЕ МЕМЛЕК

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
Осылайша факт пен теория бір-біріне мүлдем кереғар. Гәп мынада: меншік заң дүниеге
келуден бұрын мойындалған; ал теория "меншік заңның туындысы"деп үйретеді.
Өзгеше тектегі пікірлер, егер тек олардың маңызын жеткілікті салмақтап көрсе,
Бентамның шәкірттерін секем алуға мәжбүр етер еді. Егерде, Бентам айтқандай, үкімет
"өзі индивидтерге сыйлайтын құқықтарды жасай отырып" өзінің міндеттемесін
орындайтыны рас болса, мұныңыз әрқилы үкіметтер сыйлайтын құқықтарда тіпті
ешқандай шамалас біркелкілік те болмас еді деген соз болып шығады. Олардың
шешімдерін басқаратын негізді себеп болмайтын тұста, сол шешімдер біркелкі болмас еді
деп бірге қарсы жүзді қойып бәс тігуге болар еді. Алайда - сол шешімдер арасында үлкен
ұқсастық бар. Біз қай жағынан қарасақ та, үкіметтер бір тектес зорлық-зомбылыққа тиым
салып, осыған сәйкес, біртекті құқықтарды мойындайды. Олар әдетте кісі өлтіруге,
ұрлыққа, некеге адалдықты бұзуға тиым салады; осынысымен олар азаматтар белгілі бір
тектегі зорлық-зомбылықтан қорғала алады деп мәлімдейді. Қоғам ілгерілеген сайын,
мұндай қамқорлық маңызы кемдеу жеке құқықтарға: келісім-шартты бұзғаны, жала
жапқаны, жалған куә болғаны үшін өтем мен сыйақыларға таралады. Қыскасы, салыстыру
бізді мынаған үйретеді: заңдар кодекстері, өзінің даму шамасына қарай бөлшектерінде
әрқилы бола түскенімен, өзінің негізгі пункттерінде әрқашан ұқсас болады. Бұл нені
дәлелдейді? Мұндай келісудің кездейсоқ болуы мүмкін емес. Егер мұндай келісу орын
алып отырса, бұл тек мынаның салдары: құқықтарды жасау дегеніңіз бір ғана нәрседен,
қоғам болып өмір сүретін адамдардың индивидуалды тілектерінен табиғи түрде
туындайтын құқықтарының талаптары мен қағидаларын дәл анықтаудағы рұқсат беру мен
тұжырымдаудан құралады.
Салыстырмалы әлеуметтану фактылардың дәл сол қорытындыны шығаруға болатын басқа
бір тобына да сәулесін түсіреді. Әлеуметтік прогреспен бірге мемлекет үшін индивидтерге
арналып тұжырымдалған құқықтарға рұқсат беру міндеті ғана емес, оларды қаскүнемдік
атаулыдан қорғау міндеті де ұлғая түседі. Тұрақты үкімет орнығып үлгергенше және көп
жағдайларда ол айтарлықтай дамып үлгергеннен кейін де әрбір индивидтің құқығы оның
өзі мен оның отбасы арқылы анықталып, қорғалады. Қазіргі жабайыларда, бұрынғы
өркениятты халықтардағыдай және тіпті қазір де Еуропаның мәдениеттенбеген
елдеріндегідей секілді кісі өлтіргені үшін жазалау жекенің ісі және "қанға қан талап етудің
қасиетті құқығы отбасы тобының белгілі бір мүшесіне жүктеледі". Дәл сол секілді әрбір
индивид немесе оның отбасы мүлікке шабуыл жасалғаны немесе басқа реніштер үшін есе
алуды қалауынша талап ете алады. Бірақ әлеуметтік ұйымның жақсара түсуіне қарай
орталық өкімет индивидтің жеке қауіпсіздігін, олардың мүлкін және белгілі бір дәрежеге
дейін олардың келісімшартпен белгіленген талаптарының негізділігін қамтамасыз ету
міндетін өз мойнына алады.
Әу баста тек бүтін ретінде қоғамды басқа қоғамдардан қорғаумен немесе басқа қоғамдарға
өзінің шабуылын ұйымдастырумен ғана айналысатын үкімет индивидтерді бір-бірінен
қорғау міндетін де бірте-бірте өз мойнына ала бастады. Мемлекет әрбір индивидке
өмірдегі мақсаттарын, басқа адамдардың сондай мақсаттарын көздеуі шегінде, еркін
көздеуін қамтамасыз ететіндігіне көз жеткізу үшін қарумен жүру жалпыға таралған салт
болған заманды еске түсіру, полицияны жақсарту арқасында қазір біз пайдаланатын
адамдар мен мүлік қауіпсіздігінің ұлғайғанын көз алдымызға елестету немесе шағын
қарыздардың қайтарылуын қол жеткізудің оңайлығын елестету әбден жеткілікті. Басқаша
айтқанда, сондай-ақ тек біз жаратылыстық құқық дейтінді неғұрлым кеңірек мойындау
ғана емес, үкіметтің оның неғұрлым нақты қамтамасыз етуі де әлеуметтік прогреспен
қолтықтаса жүреді: үкімет индивидуалдық есендіктің осынау бастапқы шарттарын жүзеге
асыру жөнінде қамқорлық жасауға барған сайын міндетті бола түсуде.