Page 49 - Абай. Қарасөздер

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
49
Бұланайдың тар жолы" дегені — бәрі Шыңғыстың сапарын көрсеткен сөз. Бұланай деп
Гималайды айтқаны ма, Үндукеш тауы ма? Әйтеуір, бір тауды айтқан сөз екені
„Бұланайдан үлкен тау болмас, бұланнан үлкен аң болмас" деген мақалынан мағлұм.
Сонан соң бұлар бұрынғы Алатауды қалдырып, Ташкент төңірегіндегі тауларды мекен
қылса керек. Қайсысында қанша жүрген, қайсысында бұрын, қайсысында соң жүрген —
анық мағлұм емес. Ол орынға келген соң, бұларды Шыңғыстың Шағатай деген баласының
нәсілі билеп тұрыпты. Ол Шағатай нәсілінің үлкен ханы Ташкентте тұрып, бұларды бір
інілері билейді екен. Сондағы билеген хандары, билері бұларды ешбір түзу қарекетке
түсіндірмей, дайым барымтамен мал қумақ, ауыл шаппақ, бірде бұл ел, бірде ол елмен
жауласпақ, қырыспақпен күн кешіп, еш шаруа, өнерге үйрене алмай, өздері кедей болған
һәм өспеген. Бүгін біреуді өзі талап, қырып келсе, ертең өзін біреу талап, қырып кете
берген. „Ерше барып, итше қашып" жүріп, малын, басын жаудан қорғаудың да мәнісін
білмесе керек. Қазақтың бар қатты өсе бастағаны құба қалмақтың жұрты бұзылған соң,
осы Сарыарқаға орныққан соң ғана болса керек. Одан бұрынғысы „Барып жаудан қыз
әкеліп қатын қыларсың, я ағаңды өлтіріп, жеңгеңді аларсың" деген мақалына ұқсайды.
Әмір Темір нәсілінен Құмар Шаих баласы, белгілі Бабыр патшаның шешесіменен бір
туысқан екі бауыры болған. Үлкені Ташкентке хан болып, кішісі қазақты билеген. Бұлар
Шағатай нәсілінің Жүніс ханның балалары болған. Сол қазақты билегенінің аты Ахмет
екен. Сол өз уақытында аттанысқа жарарлық қазақтан үш жүз әскер шығыпты, үш жүз
басыға билетіпті. Әр жүздің халқы өз ынтымағыменен бір туысқанға есеп болыпты.
Қазақтың „Үш жүздің баласы" дейтұғыны — сол.
Ахмет хан қалмақты көп шауыпты, көп қырыпты. Қалмақ рақымсыздығына қарай „мынау
бір алашы болды ғой" депті, жан алушы болды дегеннің орнына. Сондықтан ол кісі Алаша
хан атаныпты. „Бабыр нәмада"
266
солай жазылған. Сонан соң хан бұл атты қалмақ
қорыққанынан қойды ғой, енді сіздер шапқан уақытта „алашы-алашы" деп ұран-сүрен
салыңыз деп бұйырып, бұларға айғай салғанда көп жанның айғайымен „алаш-алаш" деп
кетіпті. Сондықтан „алаш-алаш" болғанда, Алаша хан болғанда, қалмаққа не қылмап едік
деп, алаш ұранды қазақ атанған себебі сол екен.
Бұлар Шағатай нәсіліне қарап жүргенде, Жошы нәсілі өзбек халқын билеп жүрген екен.
Сол Жошының Сибан яки Шибан деген баласының тұқымынан бір белгілі Шайбақ деген
хан шығып, Әмір Темір тұқымынан һират, Бұхар, Самарқан шаһарларын тартып алып
жүргенде, ақырында мұның алдынан Алаша хан, Ташкенттегі Жәнке хан деген ағасымен
қосылып, қалың әскермен шығып, Оратөбеде жеңіліп, ағайынды екеуін де, бала-
шағаларына дейін Шайбақ өлтіргенде, біздің қазақ біз әуелден өзбек жұртыменен аталас
едік және де Шыңғыс хан тірі күнінде бізді Жошыға тапсырып еді, „сарт — садағам, өзбек
— өз ағам" деп, Шайбаққа қарап кетіпті.
Сол сөз осы күнге шейін мақал болып қалған. Сонан кейін бізді қайтып Шағатай тұқымы
билеген емес. Онан соңғы біздің ханымыз, төреміз — бәрі де Жошы нәсілінен бола келген.
ҮКІМЕТ БИЛІГІНДЕГІ СЕНАТҚА ШАҒЫМ ПІКІР
266
ХVI ғасырда (Үндістанда) ұлы моғол патшалығын ұйымдастырған сұлтан Бабырдың сол
замандағы болған уақиғаны жазумен қатар, өз өмірінде басынан кешкен әңгімен жазған
шығармасының аты.