Page 48 - Абай. Қарасөздер

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
48
Нәдірден қашамын деп болған. Сол Нәдір Афшардан еді. Осы күнгі Нәсіриддин шаһ —
Қажардан шыққан кісі. Кім жетсе, табады, өнеріменен жетеді. Оларға атаң қалмақ деп кім
бөгет болады?
Есте жоқ ескі мезгілде, маңғұлдан бір татар аталған халық бөлінген екен. Қытайлар
„татан" деп жазды. Асыл түбі қазақтың — сол татар. Осы күнде де қазақтың төре
нәсілдері өзін-өзі біз татармыз деп айтысады. Онысы біз келімсек емес, түпсіз емес, таза
тұқымбыз деген орынға айтылады, татардың кім екенін білгендігімен айтқаны емес.
Дін исламға кіре алмай қалған осы күнде Күншығыс Сібірінде қазақтың ағайындары бар.
Тілінен, әдетінен, түсінен туысқандығы анық көрініп тұрады. Әсіресе, Енесейскі гүбірнеде
Минусинскі уезде „ясышынай татар" атында бір халық бар. Қазақты өздеріне ағайын
тұтады, дейді, һәм бір тұқымдас екендігіне көрген кісі таласпайды. Тағы еш қазақ қырғыз
бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды. Сол қырғызды қытайлар „брут" деп
атайды, өз тауарихтарында оның себебін, неліктен „брут" дегенін еш білдім дегенді
көрмедім.
Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, той -
тамаша қылады екен. Сол күнін „ұлыстың ұлы күні" дейді екен. Бұл күнде бұл сөз құрбан
айтына айтылады, ол уақытта жаңа дінге кірген соң енді бір Бұхардан басқа шәһарлардың
да, жер-сулардың да, халықтың да бұрынғы аттарын бұзыпты. Сондықтан да болғанға
ұқсайды. Әйтеуір сонан соң қазақ аталыпты.
Бұл қазақ Алатау бөктерінде жүргенде егін салмақ секілді, сауда қылмақ секілді
шаруаларға да көршілерінен көріп айналған екен. Өздерін өздері: „Қоңыр қазақ, қара
қазақпыз" дейтұғыны, „Қазақбайдың баласымыз" дегені сол уақыттағы ғана біраз
момындықпен тұрған кезі болса керек.
Қырғызға қырғыз деп ұйғыр хандарының бірі ат қойса керек. Олардың атты әскерінің
алдыменен жүретұғыны солар болып, қырғыз атапты. „Өлтірт, жоғалт" яғни дұшпанды
қырушы дегеннен қойылыпты. Ол уақытта жай жатқан момын қазақтың „Аруақ аттаған
оңбайды", „Ер азығы мен бөрі азығы жолда болса керек" деп, «Аттанып барып жылқы
алған, ат үстінен ұйқы алған" деп, барымташыны мақтап, бұзылған кезі Шыңғыстан соң
болса керек.
Қашан маңғұлдан Шыңғыс хан шыққанда, қазақтар „құтты болсынға" барыпты. Бірақ қай
жерде барғаны мағлұм емес, сүйтсе де осы Шыңғыс тауында, әскер Қарауыл өзенінің
бойында жатып, он екі рудан он екі кісі маңғұлдың өз заңы бойынша „Хан" деген үлкен
биіктің басында, ақ киізге Шыңғысты отырғызып хан көтерген дейді. Тауының Шыңғыс
аталып, биігі Хан аталмақ себебі де сол болса керек.
Сол он екі кісінің бірі қазақтан Майқы би деген кісі екен. „Түгел сөздің түбі бір, түп атасы
— Майқы би" деген мақал болған. Майқы сол кісі екен. Шыңғыс аламандыққа аттанып,
әскер тартып шыққанда әскерінің көбі татар екен дейді. Оның себебі: ол маңғұл өздері
татардай ассыздық, сусыздыққа, ыстық-суыққа шыдамды болмаса керек. Қазақтың
соғысқа жарарлық адамы сол Шыңғыстың әскеріне қосылыпты, бұларды Шыңғыс Жошы
деген үлкен баласына билетіпті.
Әуелде Көр ханды өлтіріп, ұйғыр жұртын алыпты, онан соң, Азияның тереңіне шейін еніп
барса керек. Себебі, қазақта мақал болып қалған „Жылан жылы жылыс болды, жылқы
жылы ұрыс болды, қой жылы зеңгер тоғыс болды" дегені, „Самарқанның cap жолы,