Page 19 - Абай. Қарасөздер

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
19
ғой. Әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің
көркінен қайтіп ләззат алар едік? Ол көз өзі нәзіктігінен керегіне қарай ашып, жауып
тұрсын үшін қабақ беріпті. Желден, ұшқыннан қаға берсін болсын үшін кірпік беріпті.
Маңдай теріні көзден қағып тұруға керек болғандығынан, басқа тағы керегі бар қылып қас
беріпті. Құлақ болмаса, не қаңғыр, не дүңгір, дауыс, жақсы үн, күй, ән — ешбірінен
ләззаттанып хабар ала алмас едік. Мұрын иіс білмесе, дүниеде болған жақсы иіске ғашық
болмақ, жаман иістен қашық болмақтық қолымыздан келмес еді. Таңдай, тіл дәм білмесе,
дүниеде не тәтті, не қатты, не дәмдінің қайсысынан ләззат алар едік? Бұлардың бәрі біздің
пайдамыз емес пе?
Көзді, мұрынды ауызға жақын жаратыпты, ішіп-жеген асымыздың тазалығын көріп, иісін
біліп, ішіп-жесін деп. Бізге керегі бар болса да, жиіркенерлік жері бар тесіктерді бұл
бастағы ғазиз
40
білімді жерімізден алыс апарып тесіпті, мұның бәрі хикметпен біліп
істелгендігіне дәлел емес пе?— депті.
Сонда Аристодим тахқиқ ойлап тексергенде, адамды жаратушы артық хикмет иесі
екендігіне һәм махаббатыменен жаратқандығына шүбәсі қалмады.
—Олай болғанда және не ойлайсың, һәмма мақұлыхатты жас балаларына елжіретіп,
үйірілтіп тұруын көргенде уа һәмма мақұлыхаттың өлімін жек көріп, тіршілікте көп
қалмақшылығын тілеп, ижтиһад
41
қылуын көргенде, өсіп-өнуінің қамында болудан басқа
істі аз ойламақтары — бұларының бәрі жұрт болсын, өссін, өнсін үшін. Солардың бәрін
жаратқанда көңілдерін солайша ынтықтандырып қойғандығы һәм мұның бәрі жақсы
көргендігінен екенін білдірмей ме?— дейді.
—Ей, Аристодим! Қалайша сен бір өзіңнен, яғни адамнан басқада ақыл жоқ деп
ойлайсың?— деді. — Адамның денесі өзің жүрген жердің бір битімдей құмына ұқсас емес
пе? Денеңде болған дымдар жердегі сулардың бір тамшысындай емес пе? Жә, сен бұл
ақылға қайдан ие болдың? Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие
болдың. Бұл ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді, келісті көрімдігіне һәм қандай
лайықты жарастықты законімен жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің.
Бұлардың бәріне ғажайып қаласың һәм ақылың жетпейді, осылардың бәрі де кез
келгендікпен бір нәрседен жаралған ба, яки бұлардың иесі бір өлшеусіз ұлы ақыл ма? Егер
ақылменен болмаса, бұлайша бұл есебіне, өлшеуіне ой жетпейтұғын дүние әрбір түрлі
керекке бола жаратылып һәм бір-біріне себеппен байланыстырылып, пенденің ақылына
өлшеу бермейтұғын мықты көркем законге қаратылып жаратылды,— дейді.
Ол айтты:
— Тахқиқ
42
бұл айтқаныңның бәрі рас, жаратушы артық ақыл иесі екендігі мағлұм болды.
Ол құдайдың ұлықтығына іңкәрім
43
жоқ. Бірақ сондай ұлық құдай менің құлшылығыма не
қылып мұқтаж болады?— деді.
38
Хамса заһри (арабша) – бес сыртқы (сезім).
39
Тахқиқ (арабша) – іске асыру, іздену, тексеру, ойлану.
40
Ғазиз (арабша) – 1)қадірлі; 2)сүйікті.
41
Ижтиһад (арабша) – ынта, жігер.
42
Тахқиқ (арабша) – бұл жерде: рас, дәлме-дәл.
43
Іңкәр (арабша) – қарсылық.