Page 20 - Абай. Қарасөздер

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
20
— Ей, Аристодим! Қате айтасың. Мұқтаж болмағанда да, біреу сенің қамыңды жесе, сенің
оған қарыздар екендігіңе де ұстаз керек пе?— деді.
Аристодим айтты:
— Ол менің қамымды жейтұғынын мен қайдан білем?— деді.
— Жә, олай болса һәмма мақұлыққа да қара, өзіңе де қара, жанды бәрімізге де беріпті.
Жанның жарығын бәрімізге де бірдей ұғарлық қылып беріп пе? Адам алдын, артын, осы
күнін — үшеуін де тегіс ойлап тексереді. Хайуан артын, осы күнін де бұлдыр біледі,
алдыңғы жағын тексермекке тіпті жоқ. Хайуанға берген денеге қара, адамға берген денеге
қара. Адам екі аяғына басып тік тұрып, дүниені тегіс көрмекке, тегіс тексермекке лайықты
һәм өзге хайуандарды құлданарлық, пайдасын көрерлік лайығы бар. Хайуанның бірі
аяғына сеніп жүр, бір өзіңдей хайуанды құлданарлық лайығы жоқ. Адам өзі өзіне сенбесе,
адамды да хайуан секілді қылып жаратса, ешнәрсеге жарамас еді. Хайуанға адамның
ақылын берсе, мұнша шеберлік, мұнша даркарлық, бір-біріне ғылым үйретерлік шешендік
салахият
44
ол денеге лайықты келмейді. Қай өгіз шаһар жасап, құрал жасап, неше түрлі
сайман жасап, сыпайылық шеберліктің удесінен
45
шығарлық қисыны бар? Бірақ адам
баласы болмаса, бұл ғажайып ақылды және ғажайыппен жасаған денеге кіргізіп, мұнша
салахият иесі қылғаны хикметпенен өзге хайуанға сұлтан қылғандығына дәлел емес пе?
Ол дәлел болса, адам баласын артық көріп, қамын әуелден Алланың өзі ойлап жасағанына
да дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм
болмай ма?— депті.
ЖИЫРМА СЕГІЗІНШІ СӨЗ
Ей, мұсылмандар! Біреу бай болса, біреу кедей болса, біреу ауру, біреу сау болса, біреу
есті, біреу есер болса, біреудің көңілі жақсылыққа мейілді, біреудің көңілі жаманшылыққа
мейілді — бұлар неліктен десе біреу, сіздер айтасыздар: Құдай тағаланың жаратуынан яки
бұйрығынша болған іс деп. Жә, олай болса, біз Құдай тағаланы айыбы жоқ, міні жоқ, өзі
әділ деп иман келтіріп едік. Енді Құдай тағала бір антұрғанға еңбексіз мал береді екен. Бір
құдайдан тілеп, адал еңбек қылып, пайда іздеген кісінің еңбегін жандырмай, қатын -
баласын жөндеп асырарлық та қылмай, кедей қылады екен. Ешкімге залалсыз бір
момынды ауру қылып, қор қылады екен. Қайда бір ұры, залымның денін сау қылады екен.
Әке-шешесі бір екі баланың бірін есті, бірін есер қылады екен. Тамам жұртқа бұзық
болма, түзік бол деп жарлық шашып, жол салады екен. Түзікті бейішке шығарамын деп,
бұзықты тозаққа саламын деп айта тұра, пендесінің біреуін жақсылыққа мейілдендіріп,
біреуін жаманшылыққа мейілдендіріп, өзі құдайлық құдіретімен біреуін жақсылыққа
бұрып, біреуін жамандылыққа бұрып жіберіп тұрады екен. Осының бәрі құдай тағаланың
айыпсыз, мінсіз ғафур
46
рахимдығына
47
, әділдігіне лайық келе ме? Жұрт та, мүлік те —
бәрі құдайдың өзінікі. Бұл қылғанын не дей аламыз? Өз мүлкін өзі не қылса қыла береді.
Оны айыпты болады дей алмаймыз десең, ол сөзің құдай тағаланың айыбы, міні жоқ емес,
толып жатыр, бірақ айтуға бата алмаймыз дегенің емес пе? Олай болғанда, пенде өз
тырысқандығыменен не табады? Бәрін қылушыға қылдырушы өзі екен. Пенде пендеге
өкпелейтұғын ешнәрсе жоқ. Кім жақсылық, кім жамандық қылса дағы Құдайдан келген
жарлықты қылып жүр екен дейміз бе?
44
Салахият (арабша) – қажеттілік, керектілік.
45
Удесі (арабша) – көмек, икемдеу, бейімдеу.
46
Ғафур (арабша) – Алла, кешіруші, Алла тағаланың аттарының бірі.
47
Рахим (арабша) – мейірімді.