Page 8 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.бжезинский. ҰЛЫ ШАХМАТ ТАҚТАС

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
пайда болды. Б.д.д. 221 жылға қарай (Рим мен Карфаген арасындағы Пуни соғыстары
кезеңі) Циньнің сол кездегі жеті мемлекетті бірінші Қытай империясына біріктіруі ішкі
корольдікті сыртқы варварлардан қорғау үшін Солтүстік Қытайда Ұлы қытай қорғанын
салуға түрткі болды. Бұдан неғұрлым кейінгі, шамамен б.д.д. 140 жылы қалыптаса
бастаған Хань империясы ауқымы жағынан да, ұйымдастырылуы жағынан да одан да
ғаламат болды. Христиандық дәуір басталған кезде оның билігінде кем дегенде 57
миллион халық тұрды. Осынау орасан зор, өздігінен алғанда теңдесі жоқ сан
орталықтандырылған және жазалаушы бюрократиялық аппарат арқылы жүзеге
асырылатын төтенше пәрменді орталық басқаруды айғақтайды. Империяның билігі осы
заманғы Кореяның аумағына, Моңғолияның жекелеген аудандарына және қазіргі Қытай
жағалауының үлкен бөлігіне таралды. Алайда, Рим сияқты, Хань империясын да ішкі
сырқаттар жегідей жеді, және оның күйреуін б.д. 220 жылы үш тәуелсіз мемлекетке
бөлінуі тездетті.
Қытайдың содан кейінгі тарихы қайта қосылу мен кеңею циклдарынан тұрды, олардан
кейін құлдырау мен ыдырау жетіп келетін. Қытай талай рет империялық жүйелер құра
алды, олар автономды, оқшауланған, оларға сырттан ешқандай ұйымдасқан бәсекелестер
қауіп төндірмеген империялар болды. Хань мемлекетінің үшке бөлінуі б.д. 589 жылы
аяқталды да, осының нәтижесінде империялық жүйеге ұқсас құрылым пайда болды.
Алайда Қытайдың империя ретінде өзін-өзі ең ойдағыдай орнықтыруы мәнжүрлердің
басқару кезеңіне, әсіресе Цзинь әулетінің бастапқы кезеңіне доп келді. XVIII ғасырдың
басына қарай Қытай тағы да толыққанды империя болды, онда империялық орталықты
вассал және тәуелді мемлекеттер, соның ішінде бүгінгі Корея, Үндіқытай, Таиланд, Бирма
және Непал қоршап тұрды. Осылайша, Қытайдың ықпалы осы заманғы ресейлік Қиыр
Шығыс аумағынан Оңтүстік Сібір арқылы Байкал көліне және осы заманғы Қазақстан
аумағына, содан кейін оңтүстік бағытта Үнді мұхитына қарай және Лаос пен Солтүстік
Вьетнам арқылы шығысқа таралды.
Римдегі сияқты, империя қаржы, экономика, білім және қауіпсіздік салаларындағы
күрделі жүйе болды. Ұлан-ғайыр аумақты және онда тұрып жатқан 300 миллионнан астам
халықты бақылауда ұстау барлық осынау құралдардың көмегімен, тамаша тиімді
шабармандық байланыс қызметі көмектесетін орталықтандырылған саяси билікке мықтап
ден қою арқылы жүзеге асырылып отырды. Бүкіл империя Пекиннен тараған сәулелер
секілді және аудандардың шекарасын анықтайтын төрт аймаққа бөлінді, шабарман оларға
тиісінше бір, екі, үш немесе төрт аптаның ішінде жете алатын. Кәсіби жағынан даярланған
және бәсеке негізінде іріктеп алынатын орталықтандырылған бюрократиялық аппарат
бірлік таянышын қамтамасыз етіп отырды.
Бірлік - Римдегідей - күшті де терең тамыр жайған мәдени артықшылық сезімімен
нығайтылып, заңдастырылып және қолдау тауып отырды, ол сезім құңфудзылықпен,
империяның өмір сүруі тұрғысынан орынды философиялық іліммен, оның жарасымға,
иерархияға және тәртіпке ерекше ден қоюымен күшейтіліп отырды. Қытай - Аспан асты
империясы - Әлемнің кіндігі ретінде қарастырылды, одан тыс жерлерде тек варварлар
тұрады деп саналды. Қытай болу мәдениетті болу деген сөз еді, және сол себепті қалған
дүние Қытайға лайықты құрметпен қарауға тиіс болды. Осынау ерекше артықшылық
сезімі қытай императорының - тіпті XVIII ғасырдың аяғына қарай Қытайдың күшейе
түскен құлдырауы кезеңінің өзінде - Ұлыбритания королі III Георгке берген жауабының
өне бойынан аңқып тұрды, оның елшілері тарту ретінде кейбір британ өнеркәсіп
тауарларын ұсынып, Қытайды сауда-саттық қатынасына тартпақ болған еді: