Page 11 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.бжезинский. ҰЛЫ ШАХМАТ ТАҚТАС

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
Соған қарамастан батысеуропалық үстемдік Батыс Еуропаның әлемдік билікке қол
жеткізуіне тең емес-ті. Нақты болмыста еуропалық өркенияттың әлемдік үстемдігі және
Еуропаның құрақ-құрақ континенттік билігі орын алды. Моңғолдардың немесе кейін
Ресей империясының "Еуразия жүрегін" құрғақта жаулап алуынан өзгеше, мұхиттың арғы
жағындағы еуропалық империализмге мұхиттың арғы жағындағы жерлерді үздіксіз
географиялық ашу және теңіз сауда-саттығын ұлғайту есебінен қол жеткізілді. Алайда бұл
процесс сондай-ақ жетекші Еуропа мемлекеттерінің арасындағы тек мұхиттың арғы
бетіндегі доминиондар үшін ғана емес, Еуропаның өзіндегі үстемдік үшін де ұдайы
күресін қамтыды. Бұл жағдайдың геосаяси салдары - Еуропаның әлемдік үстемдігі қандай
да бір еуропалық мемлекеттің Еуропадағы үстемдігінің нәтижесі болмағандығы.
Жалпы алғанда XVII ғасырдың ортасына дейін бірінші дәрежелі еуропалық держава
Испания болды. XV ғасырдың аяғына қарай ол мұхиттың арғы бетінде иеліктері және
әлемдік үстемдіктен дәмесі бар ірі империялық державаға айналды. Оның біріктіруші
доктринасы және империялық миссионерлік құлшыныстың қайнар көзі дін еді. Шынында
да, Тордесилья (1494 ж.) және Сарагосса (1529 ж.) шарттарындағы дүниені жүзін испан
және португал отарларына пошымдық тұрғыдан бөлінуін бекіту үшін Испанияның және
оның теңіздегі бәсекелесі Португалияның арасына папаның араласуы қажет болды.
Дегенмен, Англиямен, Франциямен және Голландиямен бетпе-бет келгенде Испания
өзінің үстемдігін Батыс Еуропаның өзінде де, мұхиттың арғы бетінде де қорғай алмады.
Испания өз артықшылығын бірте-бірте Францияға берді. 1815 жылға дейін франция
басым держава болды, дегенмен оны еуропалық бәсекелестері континентте де, мұхиттың
арғы бетінде де ұдайы тежеп отырды. Наполеон билеп-төстеген тұста Франция өзінің
Еуропадағы нақты гегемониясын орнатуға мейлінше жақындады. Егер оған мұның сәті
түскенде, ол да әлемдік үстем держава статусын ала алатын еді. Алайда оның еуропалық
коалициямен күресте жеңіліп қалуы континенттегі күштердің салыстырмалы тепе-теңдігін
қалпына келтірді.
Келесі ғасыр барысында бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін әлемдік теңіз үстемдігі
Ұлыбританияда болды, Лондон әлемнің басты қаржы және сауда орталығына айналды, ал
британ флоты "толқындарда билік жүргізді". Ұлыбританияның мұхиттың арғы бетіндегі
құдіреттілігі айқын еді, бірақ, әлемдік үстемдікке бұдан бұрынғы еуропалық үміткерлер
сияқты, Британ империясы жалғыз өзі Еуропада басым бола алмады. Мұның орнына
Британия күштер тепе-теңдігінің айлалы дипломатиясына және сайып келгенде Ресейдің
немесе Германияның континенттік үстемдігіне бөгет жасау үшін ағылшын-француз
келісіміне иек артты.
Мұхиттың арғы жағындағы Британ империясы бастапқыда жаңа жерлерді ашудың, сауда-
саттық пен жаулап алудың күрделі комбинациясының арқасында құрылған болатын.
Алайда ол табандылықты, өзінің ізашарлары Рим мен Қытай немесе өзінің француз және
испан бәсекелестері сияқты, мәдени артықшылық тұжырымдамасынан алды. Бұл
артықшылық тек империялық билеуші тап тарапынан көрсетілетін менмендік мәселесі
ғана емес, тегі британдық емес көптеген бодандар да ортақтасатын көзқарасы болатын.
ОАР-дың бірінші қара нәсілді президенті Нельсон Мандела былай деген: "...мен британ
мектебінде тәрбиелендім, ал ол кезде Британия дүниедегі бар жақсылықтың үйі еді. Мен
Британияның, британ тарихы мен мәдениетінің бізге ықпалын жоққа шығармаймын".
Ойдағыдай қорғалған және оңай мойындалған мәдени артықшылық империялық
орталықтың билігін сақтау үшін ірі әскери жасақтарға сүйену қажеттігін азайтуда өз рөлін
атқарды. 1914 жылға қарай бірнеше мың ғана британ әскери қызметшілері мен азаматтық