Page 17 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.бжезинский. ҰЛЫ ШАХМАТ ТАҚТАС

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
либералдық тәртіп болды. Еуропалықтар (және жапондықтар, деп қосуға болады) өз
қоғамдары мен экономикаларын американдық гегемонияға сәйкес келетіндей етіп қайта
құра және біріктіре алды, бірақ сондай-ақ өздерінің автономды һәм жартылай тәуелсіз
саяси жүйелеріне эксперимент жасау үшін де орын қалдырды... Осынау кешенді жүйенің
эволюциясы жетекші батыс елдерінің арасындағы қатынастарды "от басылық" етуге
қызмет жасады. Оқта-текте бұл елдердің арасында шиеленіскен жанжалдар туындап
отырды, бірақ мәселенің мәнісі мынада: жанжалдар мызғымас, тұрақты және неғұрлым
көрнекті саяси тәртіптің шеңберінен шықпайтын... Енді соғыс қатері келмеске кетті".
Қазіргі кезде осынау бұрын-соңды болмаған американдық жаһандық гегемонияның
бәсекелесі жоқ. Бірақ ол таяудағы жылдарда өзгеріссіз қала ала ма?
2-тарау
ЕУРАЗИЯЛЫҚ ШАХМАТ ТАҚТАСЫ
АМЕРИКА ҮШІН БАСТЫ ГЕОСАЯСИ ЖҮЛДЕ
- Еуразия. Мыңжылдықтың жартысы
бойында дүниежүзілік істерде еуразиялық мемлекеттер мен халықтардың ықпалы басым
болды, олар аймақтық үстемдік үшін бір-бірімен қырқысып, жаһандық билікке ие болуға
тырысты. Бүгінде Еуразиядағы басшылық ролді еуразиялық емес мемлекет ойнайды және
Американың жаһандық біріншілігі оның Еуразия континентіндегі артықшылығы
қаншалықты ұзақ әрі тиімді сақталуына, тікелей байланысты болады.
Бұл шарттың уақытша екендігі айдан анық. Бірақ оның ұзақтығының және одан кейін не
болатындығының тек Американың дәулеттілігі үшін ғана емес, жалпы алғанда бүкіл
дүние жүзіндегі бейбітшілік үшін де ерекше маңызы бар. Бірінші және бірден-бір
жаһандық державаның кенеттен пайда болуы мынадай ахуал жасады: оның тұсында не
Американың әлемдік аренадан кетуінен не кенеттен қарымды бәсекелестің пайда
болуынан осы сияқты басымдыққа тез қол жеткізу жалпы халықаралық тұрақсыздық
туғызар еді. Нақты болмыста бұл ғаламдық анархияны туындатар еді. Гарвард
саясаттанушысы Сэмюэль П. Хантингтон өзінің батыл тұжырымында әділін айтады:
"Жаһандық мәселелерді шешуде басқа елден гөрі Құрама Штаттар көбірек ықпал етіп
тұрған әлеммен салыстырғанда, Құрама Штаттардың басшылығы болмайтын әлемде
зорлық-зомбылық пен тәртіпсіздік көп және демократия мен экономикалық өсу кем
болады. Құрама Штаттардың тұрақты халықаралық басшылығы американдардың әл-
ауқаты мен қауіпсіздігі үшін және бостандықтың, демократияның, ашық экономикалар
мен жер бетіндегі халықаралық тәртіптің болашағы үшін ең маңызды нәрсе болып
табылады".
Осыған байланысты Американың Еуразияны қалай "басқаратыны" аса маңызды болып
табылады. Еуразия жер шарындағы ең ірі континент және геосаяси тұрғыдан өзекті орын
алады. Еуразияда үстемдік ететін мемлекет ең дамыған және экономикалық жағынан
жемісті әлемдік аймақтардың үштен екісін бақылауда ұстар еді. Тіпті картаға бір
қарағанның өзі Еуразияға бақылау орнату Африканың автоматты дерлік бағындырылуын
ілестіріп, Батыс жарты шар мен Океанияны дүние жүзінің басты континентінің геосаяси
шет аймағына айналдырады деп топшылауға мүмкіндік береді. Әлем халқының 75 пайызы
Еуразияда тұрады, сондай-ақ әлемдік физикалық байлықтың көп бөлігі де оның
кәсіпорындарында һәм жерінің қойнауында жатыр. Еуразияның үлесіне дүниежүзілік
ЖҰӨ-нің 60 пайызы және белгілі әлемдік энергетика қорларының төрттен үшіне жуығы
тиесілі.