Page 2 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.харингтон. ӨРКЕНИЯТТАР ҚАҚТЫҒ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ
Сэмюэль ХАНТИНГТОН
ӨРКЕНИЯТТАР ҚАҚТЫҒЫСЫ МА?
КЕЛЕШЕК ЖАНЖАЛ МОДЕЛІ
1927 жылы 18-сәуірде Нью - Йоркта дүниеге келді. Бакалавр дәрежесін 1946 жылы Иель
университетінде, магистр дәрежесін 1948 жылы Чикаго университетінде, философия
ғылымының докторы дәрежесін 1951 жылы Гарвардта алды. 1959- 1962 жылдары
Колумбия университетінің әскери зерттеулер институтының директоры болды.
Гарвардқа қайтып келгеннен кейін, 1967-1969, 1970- 1971 жылдары үкіметтік
департамент төрағасы қызметін атқарды. Дж. Олин атындағы Стратегиялық
зерттеулер институтының директоры, Гарвард академиясының төрағасы болды, Ақ
Үйде ұлттық қауіпсіздік кеңесінде қауіпсіздікті жоспарлаудың үйлестірушісі қызметін
атқарды, көптеген ғылыми кеңестердің мүшесі. Хантингтон оннан аса кітаптың,
тоқсаннан аса ғылыми мақаланың авторы әрі баспагері. Оның "Өркенияттар
қақтығысы және әлемдік тәртіп " атты кітабы 22 тілге аударылды.
Әлемдік саясат жаңа фазаға аяқ басты да, интеллектуалдар бізге оның болашақ әлпеті
жөніндегі нұсқалар тасқынын лап қойғызды: тарихтың соңы, ұлт-мемлекеттер арасындағы
дәстүрлі бәсекеге қайтып оралу, әр тарапқа бағытталған тенденциялардың тегеурінен ұлт-
мемлекеттердің трайбализм мен жаһандануға дейін құлдырауы, және басқалар. Бұл
нұсқалардың әрқайсысы туып келе жатқан нақты болмыстың жекелеген қырларын
қармайды. Бірақ бұл орайда проблеманың ең елеулі өзекті қыры назардан тыс қалады.
Менің ойымша, туып келе жатқан дүниеде жанжалдардың негізгі қайнар көзі идеология
да, экономика да емес. Адамзатты бөліп тұрған аса маңызды шекаралар және
жанжалдардың басым қайнар көздері мәдениетпен анықталады. Ұлт-мемлекет
халықаралық істерде басты кейіпкер болып қала береді, алайда жаһандық саясаттағы ең
елеулі жанжалдар әртүрлі өркенияттарға жататын ұлттар мен топтардың арасында
өрістейді. Өркенияттар қақтығысы дүниежүзілік саясаттың басым факторына айналады.
Өркенияттар арасындағы терең ор - болашақ майдандар шебі.
Өркенияттар арасындағы келешек жанжал - осы замандағы ғаламдық жанжалдар
эволюциясының қорытындылаушы фазасы. Осы заманғы халықаралық жүйені хаттаған
Вестфалия бітімінен кейінгі бір жарым ғасыр бойы батыс өңірде жанжалдар негізінен
өзінің бюрократиялық аппаратын кеңейтуге, армияларын ұлғайтуға, экономикалық
қуатын нығайтуға, ал ең бастысы - өз иеліктеріне жаңа жерлер қосып алуға ұмтылған
корольдар, императорлар, абсолютті және конституциялық монархтар арасында өрістеді.
Осынау процесс ұлт-мемлекеттерді туындатты да, содан Ұлы Француз революциясынан
бастап жанжалдардың негізгі жүлгесі билеп-төстеушілердің арасынан гөрі, ұлттардың
арасында өте бастады. 1793 жылы, Р. Р. Палмердің сөзімен айтсақ, "корольдар арасындағы
соғыстар тоқталып, халықтар арасындағы соғыстар басталды".
Аталмыш модель XIX ғ. бойы сақталды. Оны тамамдаған бірінші дүниежүзілік соғыс
болды. Содан кейін орыс революциясы мен оған жауап реакцияның нәтижесінде ұлттар
жанжалы идеологиялар жанжалына орын берді. Мұндай жанжалдардағы тараптар әуелі
коммунизм, нацизм және либералдық демократия, содан кейін - коммунизм және
либералдық демократия болды. Қырғи қабақ соғыс кезінде бұл жанжал екі астам мемлекет