Page 4 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.джексон. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОҒАМНЫҢ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
арасындағы қатынастардың бәрі міндетті түрде өзара түсіністік пен ықпалдастыққа
негізделеді де, бері салғанда осы мағынада олар әлеуметтік болады. Бөлуді адам тәртібінің
екі тұрпаты терминдерінде - "аспаптық" және "бейаспаптық" деп қарастырған абзал
(Оакеshott, 1983). Бұлардың біріншісі максималарға, стратегияларға, тактикаларға және
басқа прагматикалық ой толғамдар мен пайдаға сілтеме жасайды, олар актордың басқа
акторлардың күтілетін немесе актуалды шешімдері мен қарекеттеріне лайықты жауап
беруге ұмтылатынын бөліп көрсетеді. Егер актор ресми адам болса, оның қарекеттеріне
саяси өнер - күш саясаты өнері тән болады немесе, басқаша айтқанда, ол мемлекеттілік
элементі ретінде ең алдымен ұлттық мүдделерді және, сөз жоқ, ұлттық қауіпсіздік пен
аман қалудың қамын жейді. Екінші тұрпат - "бейаспаптық" - мораль мен заңның -
норманың талаптарына сілтеме жасайды, олар қоғамдастықтың танылатын, күтілетін және
тең мүшелерінің тәртіптік бейімделу идеясын бөліп көрсетеді. Егер мұндай мүше ресми
адам өкілдік ететін мемлекет болса, оның тәртібі саралап жіктелген саяси өнерді -
өркениятты тәртіп өнерін немесе, басқаша айтқанда, дипломатиялық диалогқа,
халықаралық құқыққа және мемлекеттер арасындағы қатынастардағы халықаралық этика
ережелеріне қатысты мемлекеттілік элементін талап етеді. Осынау элементтердің бәрі
мемлекеттілік өнерінде маңызды және олардың барлығы мемлекеттердің осы заманғы
сыртқы саясатында анық көрінеді. Осылайша,халықаралық қоғам теориясы күш саясатын,
халықаралық құқық пен сыйлай білуді, әмбебап мораль мен адам тәртібінің ерекше саласы
ретінде халықаралық қатынастар жөніндегі сол сияқты ой толғаныстарын қамтиды.
Сонымен, бұл плюралистік теория, ол халықаралық өрісте адами қатынастарды түп -
түгелімен бойына сіңіруге ұмтылады.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОҒАМДЫ ТАЛДАУ
Жалғасып келе жатқан пікірталас - идеямен қысқаша танысудан шамалы ғана артық нәрсе.
Теориялық қыр көрсету халықаралық қоғамды абстрактылы тұжырымдама ретінде емес,
эмпириялық нақты болмыс - біз халықаралық қатынастар пәні деп айқындайтын процеске
тартылған нақты адамдардың күш-жігері ретінде көрсетуден тұрады. Осыны ескере
отырып, Мартин Уайт тарихи уақытпен және географиялық кеңістікпен салыстырғанда
халықаралық қоғамның "нормалары мен құндылықтарының" және "институттарының"
маңызды екенін атап көрсеткен болатын. (Bull, 1977b. P. 17). Бұл оны мәдениеттерді,
діндерді, культтерді, көріпкелдерді, идеологияларды, саяси философияларды, этикалық
идеяларды, құқықты, салықтарды, салттарды, лингвиетикалық тіркестерді, қоғамдық
пікірді, насихатты және адами көзқарастарды қалыптастырып, ішкі заңдық құзыр
шеңберінен тыс белсенділікке итермелейтін нәрселердің бәрін тарихи һәм салыстырмалы
талдау жасауға алып келді. Халықаралық қоғамның осынау ерекшеліктері жоғарыда
келтірілген ретпен емес, толығымен - тарихи егжей-тегжейімен, мәністі бажайлай отырып
зерттеледі. Көптеген қасиеттері бойынша бұл амалды халықаралық антропология деп
сипаттауға болады.
Хедли Булл "әлеуметтік өмірдің қарабайыр мақсаттарындағы ортақ мүдделердің
мағынасынан", "сол мақсаттарды қолдап отыратын" күні бұрын жазып қойылған
ережелерден және "сол ережелерді тиімді етуге көмектесетін институттардан"
туындайтын реттілікке баса ден қойды. (Bull, 1977a. P. 65). Адам тәртібі стандартты тәртіп
ережелеріне негізделеді, деген заңгерлік кеңшілік Буллдың халықаралық саяси
теориясының іргетасы болып табылатын. Ол бүкіл дүние жүзінде осы заманғы
халықаралық қоғам пайда болып, таралған жолды зерттей берді (Bull, Watson, 1984),
сондай-ақ халықаралық қоғамға мемлекеттердің егемендігі кемірек мүмкін болатын
дүниежүзілік қоғам секілді баламаларды және осынау баламалар тарихи жүзеге асады
деген пікірлердің себептері туралы мәселені талқылады (Bull, 1977a 1984).