Page 2 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ. САВИЦКИЙ. ЕУРАЗИЯЛЫҚТЫҢ ГЕОГ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ
Петр САВИЦКИЙ
ЕУРАЗИЯЛЫҚТЫҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ГЕОСАЯСИ НЕГІЗДЕРІ
Қытайға қарағанда Ресейдің "Кіндік мемлекет" (қытайша "Чжун-го") деп аталуға
анағұрлым көп негізі бар. Және уақыт озған сайын бұл негіз одан әрі бедерлене береді.
Ресей үшін Еуропа оның шекараларынан батысқа қарай орналасқан Ескі құрлықтың
түбегінен басқа ештеңе де емес. Ресейдің өзі бұл материкте оның негізгі кеңістігін, денін
алып жатыр және де Еуропа мемлекеттерінің бәрін қосқандағы жалпы ауданы 5 миллион
шаршы километрге жақын. Ресейдің аумағы тіпті КСРО-ның көлемінде ғана 20 миллион
шаршы километрден асады (әсіресе оған бүгін таңда іс жүзінде Кеңес Одағының бір бөлігі
жағдайындағы бұрынғы "Ішкі Монголия" мен "Урянхай өлкесіндегі" Монгол және Тыва
халық республикаларының көлемін қосқанда).
XIX ғ. аяғы мен XX ғ. басындағы орыстар, ілуде біреу болмаса, Оралдың арғы жағындағы
кеңістіктер туралы ұмытып кете беретін (мұны есінде ұстағандардың бірі орыстың
данышпан химигі Д.И.Менделеев еді). Қазір басқа заман туды. Домналары, көмір
шахталары, жүздеген мың халық тұратын қалалары бар бүкіл "Орал-Кузнецк комбинаты"
Оралдың ар жағында бой көтеруде. "Түрксіб" те сонда салынып жатыр. Орыс
мәдениетінің басым қарыштауы Оралдың арғы жағындағы "орта азиялық республикалар"
(Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан) деп аталатын бөлігіндегідей еш жерде
мұншама кең әрі стихиялы түрде жүріп жатқан жоқ. "Негорелоеден бастап Сучан
станциясына" дейінгі орыс жерлерінің бәрі ояна бастады. Оқиғалардың осынау
бетбұрысында еуразиялықтардың өз үлесі бар. Бірақ сонымен бірге Ескі құрлықтың
орталық әлемі ретіндегі орыс әлемінің табиғаты да айқын көрініс береді. Кей кезеңдерде
оның батыс шетіндегі Оралға дейінгі Орыс жері де қосылатын (бұрынғы географтардың
"еуропалық Ресейі") Еуропа мен Азияның (Қытай, Үндістан, Иран) арасында ештеңе жоқ
бос жер сияқты көрінетін. Қазіргі заманғы орыс болмысының еуразиялық пайымы бұл бос
жерлерді нағыз тірліктің бүлкіліне толтырды. XIX ғ. аяғында-ақ Еуропадан Қытай мен
Жапонияға тура жол Ресей арқылы тартылды (Ұлы Сібір темір жолы). География
Еуропадан Персияға, Үндістанға көне Үндіқытайға жол (ең болмаса солтүстік) басқаша
өтуі мүмкін еместігін күмәнсіз көрсетеді. Бұл мүмкіндіктер бүгінге дейін әлі жүзеге асқан
жоқ. Персияны Солтүстік-батыстан Оңтүстік-шығысқа қарай жарып өтетін және Британ
Үндістанының да, Еуропаның да (Күнгей Кавказ, Қырым және Украина арқылы) темір
жол желісімен байланысты Транспарсы темір жолы дүниежүзілік соғыс қарсаңында
жүзеге асырылуға жақын болатын. Қазіргі кезде, саяси жағдайлар пәрменімен, ол негізсіз
жобалар саласына айналды. Орыс Түркістаны ("ортаазиялық республикалар") мен
Үндістан темір жолдарының арасында байланыс жоқ. Орыс темір жол желісі транзиттік
еуропалық-үндістандық желіге бағдарланған. Бірақ ерте ме, кеш пе, мұндай бағдар темір
жолдар, автоәуесқойлық желілері немесе әуе қатынастары түрінде болса да фактыға
айналады. Әуе жолдары үшін Ресей беретін ең қысқа жолдардың маңызы аса зор. Әуе
қатынастарының оларға тән түзу сызықпен ұшу талабы неғұрлым салмақты бола түскен
сайын, соғұрлым "кіндік дүние" ретіндегі Ресей - Евразияның рөлі анықтала түседі.
Трансполярлық линиялар ашу бұл рөлді одан әрі күшейтеді. Қиыр солтүстікте Ресей ұлан
- ғайыр өңірде Американың көршісі болып табылады. Полюс арқылы немесе дәлірек
айтқанда полюс үстінен жол ашу арқылы ол Азия мен Солтүстік Американың арасындағы
біріктіретін буынға айналады.