Page 9 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ. Н. Данилевский. РЕСЕЙ ЖӘНЕ Е

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
жүйесінің бүкіл жаңсақтығы, бүкіл сиықсыздығы үшінші талапқа: атауы бірдей топтарда,
яғни дәл сол санаттағы топтарда тектестік дәрежесі бірдей болсын деген талапқа келгенде
барынша ашылады. Сөйте тұра бәрі де дамудың әрқилы сатыларынан өткен Мысыр,
Үндістан, Қытай, Вавилон мен Ассирия, Иран, Грекия, Рим біріктірілген, ежелгі тарих
тобынан герман-роман тайпасының даму сатылары әрқилы топтарға - орта және жаңа
тарих делінетін топтарға жатқызылғанын көреміз, ал бұлардың бір ғана құбылыстар
тобына жататыны айдан анық, өйткені жаңа тарих не орта ғасырларда негізі қаланған
нәрселердің одан әрі дамытылуы, не оны сол ортада терістеу мен жоққа шығару,
сондықтан да өзінің қызметін орта тарихта бастап, оны жаңа ғасырда аяқтаған тарихи
қайраткерлер көп болған. Ал бұл екі арада тек Катон мен император Константин, Перикл
мен Ұлы Феодосий ғана емес, тіпті император Фоги , перғауын Рамзес пен Сүлеймен
патша Эпаминондпен және Гракхтармен бір топқа біріктіріліп жіберген, біз бір істі
жасаған, бір соқамен бір борозда тартқан әлдебір Габсбург Рудольфынын император
Максимилианмен, Көркем Филипптің Людовик ХІ-шімен және Ришельемен, тіпті Баязид
сұлтанның Сүлеймен сұлтанмен бір тарихтың әртүрлі ғасырларына, былайша айтқанда,
адамзаттың әрқилы жасына жатқызылғанын көреміз. Бұл дегеніңіз, төрт аяғы жоқ деп
қарғаны да, устрицаны да бір топқа жатқыза салудың дәл өзі.
Ештеңемен сәйкеспейтін осындай топтастырудың ілігі, яки ең жақын себебі
перспективадағы қателік болғандығы айдан анық. Тарихшыларға өздеріне жақын (уақыт
жағынан да, сол тарихшылар жататын тайпада болғандықтан да) орта және жаңа ғасырлар
оқиғаларының сипатында байқалатын айырмашылықтар соншалықты маңызды да елеулі
көрінуге тиіс болатын, сондықтан қалған бүкіл адамзат және бүкіл бұрынғы ғасырлар
оларға жекелеген белгілер бұлдырап, тек суреттің алдыңғы қатары үшін фон ретінде ғана
қызмет ететін! арттағы ландшафт қана болып көрінді. Бірақ ғылымның шаруасын
құрайтын елес, сағым емес, мәніс пен нақты болмыс қой. Тарихқа осынау перспективалық
көзқарас мынадай қателікке ұрындырды: бір мезгілде, тіпті бірінен кейін бірі өмір сүрген
бірнеше тайпаның мүлдем өзіндік даму фазистерінің бүкіл жиынтығы ежелгі тарих деп
аталып, бір ғана тайпаның дамуының екі фазисінің әрқайсысымен қатар, бір сатыға
қойылып, сол тайпаның дамуының бастапқы, үшінші сатысы секілді көрсетілді. Қысқасы,
Еуропаның, немесе герман-роман тайпасының тағдыры бүкіл адамзат тағдырымен
теңестірілді. Жаратылыстық жүйе ережелерін осылай бұзудан тарихи ғимарат
пропорциялары мүлдем бұзылғаны, сөйтіп үйлесімділік пен жарасымдылық атаулыдан
жұрдай болғаны таңқаларлық нәрсе емес.
Шынын айтқанда, Римнің де, Грекияның да, Үндістанның да, Мысырдың да, өзінің ежелгі,
өзінің орта және өзінің жаңа тарихы, яғни бүкіл органикалық дүние секілді өзінің даму
фазистері болды, дегенмен, көп те, аз да емес - нақ үшеу болуында ешқандай қажеттілік
жоқ. Адамның дамуында не сөзсіз үш жасты (мысалы, бірқатар азаматтық мақсаттар үшін
қолданылатын - кәмелетке толмаған, кәмелетке толған және кәрілік), не торт жасты
(балалық, жастық, кісілік, кәрілік), не тіпті жеті жасты (сәбилік, балалық, бозбалалық яки
бойжеткендік, жастық, не ер жетудің бірінші кезеңі, кісілік, кәрілік және қаусау) айыруға
болатыны секілді, тарихи тайпалардың өмірінде даму кезеңдерінің әрқилы санын дәл
ажыратып алуға болады, мұның өзі ішінара тарихшының көзқарасына, ішінара олардың
азды-көпті өзгерістерге ұшырай алатын даму сипатының өзіне байланысты. Сол секілді,
Еуропа тарихының да нағыз, өзіне ғана тән, алдамшы перспективаға негізделмеген, ежелгі
тарихы бар. Ол Ұлы Карлдан бұрынғы замандарда, халықтардың көші-қонынан кейін
орын алған бейберекет былықтан жаңа ұлыстар мен мемлекеттер бөлініп шығып, құрыла
бастаған замандардағы тарих, талдан әзірлеп, дамыту орта ғасырлардың басты мазмұны,
терістеп, жоққа шығару жаңа ғасырлардың басты мазмұны болған бастаулардың әлі тек
ұрығы болған замандардағы тарих.