Page 6 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ. Н. Данилевский. РЕСЕЙ ЖӘНЕ Е

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
Жаратылыстық жүйе туралы ұғымды дамыту, оның бүкіл мәні мен бүкіл маңызын көрсету
сөздің қоспасыз мағынасындағы жаратылыстану ғылымдарының, яғни ботаника мен
зоологияның үлесіне тиді. Олардың қарастыруына жататын дүниелердің ғаламат көптігі
оларды жүйелеу, демек, бөліну нышандарын табу үшін олардың ерекшеліктерін мұқият
бақылау қажеттігіне амалсыз алып келді. Осынау бақылау аз-аздап мынаған алып келді:
өсімдіктер мен жануарлар дегеніңіз қоян жымынан өйтіп-бүйтіп шығып кету үшін әйтеуір
бір амалмен топтастыруға болатын сан алуан кездейсоқ пошымдардың былығы емес,
шындап келгенде терең ішкі жоспардың білдірілуі, жасампаздық идеяның сыртқы
жағдайларда, идеяның өзінің ішкі мәнісі де жол берген бүкіл сан алуандығымен жүзеге
асуы секілді. Осынау пошымдардың барлығы да өздерінің тектестік (яғни олардың
ұқсастығы мен айырмашылықтары арасындағы қатынас дәрежесі бойынша) дәрежесі
бойынша белгілі бір ретпен топтарға орналасатын болып шықты да, олар тұқымдастар,
ұяластар, отрядтар, кластар және, ақыр соңында, өсімдіктер немесе жануарлар
патшалығының тұрпаттары деп аталатын болды. Сондай-ақ ішкі құрылыс та,
физиологиялық тіршілік те нақ сол топтарға сәйкес түрленетін болып шықты.
Жаратылыстық жүйенің тарихи даму барысында тағы бір ортақ ақиқат байқалады: оңай
ұғынылатын (былайша айтқанда, бір қарағаннан) нәрсенің бәрі біздің ықыласымыз бен ой
ағымымызды жеткілікті қоздырмайды екен. Сондықтан жаратылыстық жүйенің
талаптарын саналы түсінуге және зерде үшін қосымша құрал ретінде және пән атауын
табуды жеңілдеу ретінде ғана мәні бар жасанды бөлуден ажыратуға жетелеген
жануарларды (олардың пошымдары, мәселен, сүт қоректілер, кұстар, балықтар, жәндіктер
өздерінің сыртқы түрінде ішкі тектестіктің тайға таңба басқандай белгілерін бадырайтып
көрсетеді) зерттеу емес. Бұл ботаниканың шаруасы болды. Өсімдік пошымдары, оларға
үстірт қарағанда, өздерінің тектестігін мүлдем көрсетпейді, көбіне тіпті оған қарсы
шыққандай көрінеді. Розан мен жер жидекке қарағанда қой бүлдірген мен қарлыған
бұталары, тегінде, бір-бірімен неғұрлым ұқсас, бірақ олардың гүлдері мен жемістерінің
құрылысы соңғы екі өсімдік ұяластық деп аталатын белгілі бір тектестік дәрежесіне, ал
қой бүлдірген мен қарлыған - мүлдем әртүрлі ұяластыққа жататынын көрсетеді. Керісінше
кактустардың оғаш сыртқы пошымдары, тегінде, оларды, мысалы, папоротниктерге
қарағанда, бір ғана өсімдіктер тұрпатына жататын кәдуілгі жапырақты өсімдіктерден
әлдеқайда қашық қоятын секілді көрінеді ғой, ал сол папоротник, алайда, өзінің құрылысы
бойынша мүлдем басқа өсімдіктер тұрпатына жатады. Өсімдіктерді олардың сыртқы
келбетіне қарап топтастырудың осынау мүмкін еместігі олардың құрылысындағы
неғұрлым елеулі белгілерге тереңірек үңілуге мәжбүр етіп, жаратылыстық жүйенің
шарттары мен талаптарын анық түсінуге алып келді. Осыны түсініп, ботаникаға енгізу
абыройы атақты Жюсьелерге тиесілі, олар осынысымен жаратылыстануда керемет
төңкеріс (Кювьенің пікірінше) жасады. Жаратылыстық жүйенің негізгі бастаулары
қалыптасқан соң анатомиядағы, физиологиядағы, эмбриологиядағы жетілдіру атаулы
қажетті түрде жүйенің де жетілдіруінде бейнеленіп отырды, демек кімде кім ғылымға
анық жаратылыстық жүйені енгізсе, сол адам ғылымның ұлы Аполлонына айналады деген
Линнейдің пікірі, жаратылыстанудың талабы күшейіп кеткеніне қарамастан, әлі күнге
дейін әділетті болып қалып отыр. Бірақ жаратылыстық жүйе туралы ұғымды ботаника мен
зоология жасағанымен, ол дау жоқ, солардың ерекше бір меншігін құрамайды, қайта
барлық ғылымдардың ортақ қазынасы, олардың жетіле түсуінің қажетті шарты.
Салыстырмалы филология өзі әзірлеген нәтижелерге жаратылыстық топтастырып жіктеу
жүйесін қазірдің өзінде қолданып үлгерді; өзге ғылымдардың да, даму мен жетілу
шамасына қарай, соны істейтініне күмән жоқ. Жеке бір бөліктер қаншалықты жақсы
зерттелмесін, ғылымның жекелеген мәселелері қаншалықты жақсы түсіндірілмесін, бірақ,
фактылар олардың жаратылыстық тектестіктеріне сәйкес салыстырылмаса, жаратылыстық
жүйеге келтірілмесе, олар дұрыс тұжырымдар бере алмайды, өзінің нағыз толық
мағынасын білдіре алмайды. Мұны да мысалмен түсіндірейін.