Page 5 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ. Н. Данилевский. РЕСЕЙ ЖӘНЕ Е

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
прогресс Батыстың, яғни Еуропаның ерекше артықшылығы емес, ал тоқырау - Шығыстың,
яғни Азияның ерекше ен-таңбасы емес; мұның екеуі де тек халық басындағы жастың
сипатты нышандары ғана, оның қайда тұрғандығының, оның азаматтығының қай жерде
дамығандығының, оның қандай тайпаға жататындығының бәрібір. Демек, Азия мен
Еуропа, Шығыс пен Батыс шынында да дербес, ерекше анық бүтін болса да, сонда да
Шығыс пен Азияға жататындық қандай да бір кемістік таңбасы деп санала алмас еді.
Бүкіл бұрынғы тарих әзірлеген, жалпы адамзаттық деп қабылданатын герман-романдық
немесе еуропалық мәдениет пошымдарынан тыс қандай да бір дербес өркеният, ой
қабылданбайтын екінші әрі аса маңызды себеп, дедім мен, тарихи процестің ең ортақ
бастауын дұрыс түсінбеуде және прогресс деп аталатын тарихи құбылыс туралы бұлдыр
да бұлыңғыр түсінікте.
Қандай да бір ғылым жеткен мінсіздік дәрежесі, соның аясына кіретін нәрселерді немесе
құбылыстарды түсіну дәрежесі айна-қатесіз ғылым жүйесі деп аталатын нәрседе көрініс
табады. Жүйе дегенде мен бұл арада тіпті де баяндау жүйесін айтып отырған жоқпын,
өйткені ол бар болғаны ғылым фактыларын есте жақсы сақтаудың яки оларды ақылға
айқынырақ тоқудың мнемоникалық құралы ғана. Осы мағынада қабылданатын жүйелеу
қазіргі кезде тым құрметтеле қоймайтыны әбден әділетті, өйткені жиі-жиі зиян үшін
пайдаланылды және көбіне-көп схоластикалық педантизмнің сарқыншағы бола отырып,
ол өзінің шексіз бөлшектелуі мен тармақталуы арқылы істі коп ретте тек қиындата түсті.
Бұл жүйе ғылыми ғимаратты салып жатқан кездегі сатылық ағаш қана, онсыз ғимаратты
сала алмайсың, бірақ ол ғимараттың өзін көлегейлемеуі үшін қажет нәрселерден ғана
тұрғызылуы керек. Мен ғылымның ішкі жүйесі, яғни белгілі бір ғылым аясына жататын
нәрселерді немесе құбылыстарды олардың өзара тектестігі мен бір-біріне нақты қатынасы
бойынша тиісінше орналастыру, топтастыру туралы айтып отырмын. Мұны мысалмен
түсіндірейін. Кез-келген ғылым секілді астрономияны оның ақиқаттары оңай түсінілетін
яки миға мықтырақ қонатын болуы үшін әйтеуір бір әдісті қолдана отырып әбден әрқилы
түсіндіруге болады; бірақ мен бұл жерде астрономияның сыртқы жүйесін құрайтын
осынау баяндау тәртібін айтып отырған жоқпын, мен ғылым объектілерінің өзінің, яғни
(осы жағдайда) аспан денелерінің орналасуын айтып отырмын, оларды, әрине, қалай
қаласаң, солай орналастыра алмайсың, олар өздерінің арасындағы шын қатынастарға
қарай орналастырылуға тиіс. Осы жүйенің мінсіздік дәрежесі өзі арқылы ғылымның өзі
жеткен мінсіздік дәрежесін бейнелейтін болады. Әу баста Күн, планеталар және Ай Жерді
айналып жүреді деп түсінген; бұл түсінік былайша өзгерген: Күнге жақын планеталар
Күннің төңірегінде айналады, сонымен бірге Жердің төңірегінде де айналады немесе тек
Күнге жақын планеталар ғана емес, жалпы планеталардың барлығы да дәл осылайша
айналады деген. Осы түсініктердің біріншісі эпициклдар жүйесімен күрделілендірілді.
Кейінірек планеталардың да, Жердің де Күннің төңірегінде айналып жүретініне көз жетті,
бірақ олардың жүретін жолын концентрациялық шеңбер деп елестетті. Бұл түсінік тағы
өзгертіліп, Күнді әрбір планета үшін өзіндік пошымы бар эллипсистер түйісетін жерден
керетін болдық; ақыр соңында, бұл эллипсистер жай сызықпен емес, шамалы
толқынданған ирек сызықпен бейнеленетін болды. Ғылымдағы, бақылау тәсілдеріндегі,
құбылыстарды физикалық тұрғыдан түсіндірудегі, есептеу әдістеріндегі жетілдіру атаулы
астрономиялық жүйеде бейнеленді. Ғылым атаулының бәрінде де дәл солай болады,
демек қандай да бір ғылым өзінің аясына жататын нәрселердің немесе құбылыстардың
ақиқат, яки, әдетте айтыла беретініндей жаратылыстық жүйесін анықтай бастағанда, тек,
сол сәттен бастап қана оны ғылым атауына лайықты деп санай бастайды, дегенмен бұл,
расын айтсақ, негізсіз, өйткені ғылымға оның жасына, ол жеткен даму сатысына қарап
анықтама беруге болмайды. Адам - сәби болсын, ересек болсын - бәрі адам екені секілді,
ғылымда - бәрі ғылым; тек оның пәні азды-көпті дәйек-дерексіз бірдеңе емес, өмірдегі
нақты, шын құбылыстар немесе дүниелер шеңбері болсын.