Page 4 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ. Н. Данилевский. РЕСЕЙ ЖӘНЕ Е

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
халық ескіні шайнай беріп, ілгері жылжымағаны ма? Азия материгінің қиыр шығысында
қол жеткізілген бұл табыстар өзінің қиыр батысындағы - еуропалық түбектегі
ұрпақтардың бірте-бірте жинақтала берген ақыли және физикалық, дербес те өзіндік
еңбегінің нәтижесі секілді болмағаны ма? Бұл прогресс болмаса, онда не? Рас, бұл
прогресс баяғыда тоқтаған, тіпті, қытай азаматтығының көптеген тамаша белгілері
(мәселен, ғылым мен білімге берілетін ықпал) түкке тұрғысыз формализмге айналды,
тіршілік рухының өзі Қытайды тастап кетті, ол өзі өмір сүрген ғасырлар салмағымен әрең-
әрең тыныс алуда. Бірақ бұл бүкіл адамзаттың ортақ тағдыры емес пе, мұндай құбылыс
Шығысқа ғана тән бе? Ежелгі гректер мен римдіктер прогресшіл батыстық, былайша
айтқанда, еуропалық халық саналмай ма, және гректік Византия империясы дәл Қытай
секілді құбылыс емес пе? Ол өзінің римдік, батыстық әпкесінен ірге ажыратқан соң мың
жылдан астам уақыт өмір сүрді; эллин халқы тындырған соңғы ұлы іс провославиелік
христиан догматикасын орнықтырғаннан кейін оның ғұмыры қандай прогреспен аталып
өтіп еді?
Қаусаған, дәурені өткен, жазылған ісін тындырып біткен, сөйтіп сахна төрінен тайып
тұруға тиіс болған халыққа, оның, ол қай жерде - Шығыста немесе Батыста тұрғанына
мүлдем қарамастан, ештеңе көмектесе алмайды. Барша тіршілік иесіне, жануарлардың
немесе өсімдіктердің бөлінбейтін жеке, сондай-ақ тұтас түрлеріне, тұқымдарына,
отрядтарына тек белгілі бір ғұмыр мөлшері беріледі, сол таусылған соң олар өлуге тиісті.
Геология мен палеонтология тіршілік иелерінің әртүрлі түрлері, тұқымдары, отрядтары
үшін қалай дүниеге келу, кемеліне жету, бірте-бірте шөгу және, ақыр соңында мүлде
құрып кету кезеңдері болғанын көрсетеді. Мұның қалай және не себепті солай
жасалатынын - санқилы түсіндіруге тырысқанымен, ешкім білмейді. Шындап келгенде
тұтастай түрлердің, тұқымдардың және тіпті отрядтардың да қартаюы, қаусауы -
жекелеген индивидумдардың ажалынан, нақты себебін ешкім білмейтін және түсінбейтін
ажалынан артық таңданарлық нәрсе емес. Халықтар жөнінде тарих соны айтады: олар да
дүниеге келеді, дамудың әрқилы деңгейіне жетеді, қартаяды, қаусайды, өледі – және тек
сыртқы себептердің салдарынан ғана өлмейді. Жекелеген кісілер секілді, сыртқы себептер
наукастанып, әлсіреген тәннің ажалын көбіне-көп жақындата түседі, ол тән күші тасып
тұрғанда, жас шағында немесе кемеліне келген кезде соның зиянды зардаптарына
барынша қарсы тұра алар еді. Сыртқы себептер сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлардың
да, саяси организмдердің де өлгеннен кейін шіруіне көмектеседі. Бірақ кейде, өте сирек
болса да, зиянды сыртқы ықпалдың күші жеткіліксіз бола ма, әлде организм соған
ойдағыдай қарсы тұра ма, әйтеуір, ол жаратылыстық ажал дейтіннен немесе қаусаған
кәріліктен өледі. Қытай нақ сондай сирек жағдай. Олар басқаның ғұмырын кешуде,
оларды ажал ұмытып кетті делінетін қариялар секілді, оның тәнінің біртектілігі мен
тығыздығы соншалық оқшаулық пен тыныштықта өскіндерін көбейтіп жібергені
соншалық, орасан зор қарсылық күшін жиып алған. Нәрлі, соны тіршілік олардың
бойында баяғыда ұйықтап қалған, бірақ жануарларға тән итжандылық, немесе, дәлірек
айтсақ, өсімдіктердегідей елеусіз тіршілік - қала берген. Мұндай организмдерде жастық
жалыны өшіп, прогресс қуаты сарқылса, таң қаларлық нәрсе ме? Сол қариялар бір кездері
тындырған еңбек нәтижелерінің айдан анық айғағына қарамастан, олар әрқашан осындай
болған деп топшылауға не құқық бермек? Нақ сондай қаусаған ахуалда дәл қазір Үндістан
түр, шет жұрттық шапқыншылықтар және жалпы солардың сыртқы ықпалы түбіне жетіп,
олардың өлі денесінің құрамдас бөліктерін ірітіп-шірітіп біткенше, Мысыр мен Византия
да ұзақ уақыт бойы сол ахуалда болған. Бұл елдер азды-көпті халықтардың жол
айрығында тұрды, және де Қытай секілді орасан зор жинақы, тығыз бұқараны құраған
жоқ, сондықтан процесс тезірек жүріп, қаусаған жұрттың орнын жаңа, тың халық басып
отырды. Батыста Шығысқа қарағанда тарихқа біршама прогресшіл сипат беретін болса,
батыс халықтарына тарихи даму монополиясын беретін әлдебір ерекше рухани қасиет
емес, бір тайпаларды екіншілері алмастырып отырған осынау сабақтастық қана. Демек,