Page 15 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ. Н. Данилевский. РЕСЕЙ ЖӘНЕ Е

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
кеңістікке ұзақ ғасырларға сіңіп жоғалатын кометалар да, ағып бара жатқан жұлдыздар,
аэролиттер мен зодиак жарығы бейнесінде көрінетін космостық материалдар бар екені
секілді, адамзат әлемінде де оң ыңғайдағы мәдени типтермен, яки өзіндік ерекше
өркенияттармен қатар ғұндар, монғолдар, түріктер секілді замандастарының үрейін
ұшыратын, уақытша көрінетін феномендер де бар, олар өздерінің талқандағыш ерлігін
жасап, жантәсілім алдында ажалмен арпалысып жатқан өркенияттардың жаһаннамға
аттануына көмектесіп, олардың күлін көкке ұшырып, содан кейін белгісіздікке сіңіп
кетеді. Оларды адамзаттың теріс ыңғайдағы қайраткерлері деп атайық. Айтпақшы, кейде
жасампаздық және талқандағыш рол германдар мен арабтарда болғанындай, бір тайпаға
тиесілі де бола береді. Ақыр соңында, жасампаздық та, талқандағыш ұлылық та, оң
ыңғайдағы да, теріс ыңғайдағы да тарихи рөл бұйырмаған (олардың өзіндік ерекшелігі
олардың дамуының төтенше ерте кезеңінде тоқталатындықтан немесе басқа себептерге
орай ма, кім білсін) тайпалар бар. Олар бар болғаны этнографиялық материалды ғана,
яғни тарихи организмдер - мәдени-тарихи тұрпаттар құрамына кірмей анорганикалық
секілді заттарды ғана құрайды; олар, сөз жоқ, өзі арқылы сол тұрпаттардың алуан түрі мен
байлығын ұлғайтады, бірақ өздері тарихи индивидуалдыққа дейін көтеріле алмайды. Фин
тайпалары және маңызы олардан да кем басқа тайпалар сондай.
Кейде этнографиялық материалдың осы баспалдағына жаңа формациялық (құрастырушы)
принцип оларды, басқа элементтермен араластырылған күйінде, жаңа тарихи организмге
қайта біріктіретін, жаңа мәдени-тарихи тұрпат ретінде дербес тарихи өмірге шақыратын
уақытты күтіп, құрып біткен, іріп-шіріген мәдени-тарихи тұрпаттар да келіп орнығады.
Мысалы, Батыс Рим империясын құраған халықтар дәл сондай жағдайға тап болды,
германдық құрастырушылық принципінің ықпалына ұшыраса да, олар өздерінің жаңа
пошымында да роман халықтары атауымен жүр.
Сонымен, не төлтума мәдени-тарихи тұрпаттың оң ыңғайдағы қызметі, не қаусаған
(жанталас үстіндегі) өркенияттарды ажал құшағына беретін Құдайдың дойыры
делінетіндердің талқандағыш қызметі, не этнографиялық материал ретінде басқаның
мүддесіне қызмет ету - халықтың маңдайына жазылуы мүмкін үш рөл осындай.
Енді әрқилы мәдени-тарихи тұрпаттардың қасиеттері мен сипаттарына біршама
жақынырақ келейік; оларға мәдени-тарихи қозғалыстың заңдары деп саналуы мүмкін
және өткеннен шығатын қорытынды болғандықтан болашақ үшін норма қызметін атқара
алатын ортақ белгілер табылып қалмас па екен? Егер тарихи құбылыстарды мәдени-
тарихи тұрпаттар бойынша топтастыру тарихқа қолданылғандағы жаратылыстық жүйенің
талаптарына шынында да сәйкес келсе, онда сондай ортақ тұжырымдар, ондай қорыту
сөзсіз, былай айтқанда, өз-өзінен болуға тиіс. Олар тарихи құбылыстар, қандай да бір
сыңаржақ, олардың өзінен туындамайтын идеяға жарамсақтықпен зорлап таңылмай
қойылған бойда фактылардың орналасуының өзінен туындауға тиісті; әлгіндей сыңаржақ
идея деп біз жаһандық тарих құбылыстарын даму баспалдақтарына орналастыру идеясын
санаймыз, ол тарихты ежелгі, орта және жаңа деп жосықсыз бөлуге, тұтас алғанда бүкіл
адамзат дамуының эволюциялық фазистерін құрайтын секілді үш бөлімге бөлуге апарып
соқтырды, және де онда адамзат баласы шыққан әрқилы тайпаларының сапалық
айырмашылығы мүлдем назардан тыс қалады.
"Николай Яковлевич Даиилевский.
Россия и Европа, СПб, 1888"
басылымынан қазақшалаған
Сәкен ИМАНАСОВ.