Page 13 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ. Н. Данилевский. РЕСЕЙ ЖӘНЕ Е

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
пошымында қалпына келтірілгенімен, бірақ жаңа Рим императоры, оны ежелгі үлгі
бойынша, соған ұқсатып құру көзделгенімен, іс жүзінде мүлдем басқа сипатқа -
феодалдық сюзерен сипатына ие болады, рухани жағынан нақ папаға бағыныштылық
секілді, дүниауи жағынан, оған жаңа қоғамның барлық басшылары бағынуға тиіс болды.
Бірақ бұл мұратта (католиктік ұғым бойынша ол жер бетінде көк патшалығының бейнесі
болуға тиіс еді), Карлдан соң, айтпақшы ешқашан жүзеге асырылған жоқ, ал герман
императорлары қаншама тыраштанғанына қарамастан, француз және ағылшын корольдері
секілді шындап келгенде феодалдық монархтар болды, және көп ұзамай, тіпті құдіреттілігі
жағынан соларға шендесе де алмай қалды. Бірнеше ғасырлар бойы бірте-бірте өлімсірей
берген ғылым схоластика пошымын қабылдады, оны ежелгі философияның да, әлемдік
шіркеудің ұлы абыздарынан көрінген ежелгі діндарлық ой жүйесінің де жалғасы деп
санауға болмайды ғой. Бұдан кейін еуропалық ғылым ежелгі дүние бірде-бір дерлік үлгі
бермейтін табиғатты оң ыңғайдағы зерттеуге көшті. Өнердің көп бөлігі, атап айтқанда -
архитектура, музыка және поэзия ежелгі замандағыдан мүлдем өзге сипатқа ие болды;
орта ғасырларда сурет өнері де мүлдем өзіндік бір мақсаттарды көздеді, мінсіз сипатымен
ерекшеленді және тіпті пошым сұлулығын тіпті көзге де ілмейтін болды, кейінірек ежелгі
пошымдар мінсіздігін игеруге тырысса да, бәрібір біз, өзімізге жұрнағы да жетпеген
ежелгі сурет өнерінің бағытын жалғастырғанын немесе жалғастырмағанын таразылай
алмаймыз. Тек жалғыз скульптура ғана еліктеушілік сипатта болып ежелгілер жолынан
таймауға тырысып бакты, бірақ есесіне нақ осы өнер біртабан да ілгерілей алмағаны өз
алдына, ешқандай жаңа дүние тудырған жоқ, ол былай тұрсын, тіпті, өзінің алдындағы
үлгілерге де жете алмағаны күмәнсіз. Рим өмірінің негіздері барлық жағынан өзінің даму
шеңберін тұйықтап болды, қолынан келетін нәтижелердің бәрін беріп болды, ақыр
соңында күні бітті - одан әрі өркендейтін ештеңе жоқ еді. Жол тіпті де Рим тоқтаған
жерден басталған жоқ - оз жолын ол түгелімен жүріп өтті, онымен енді жүре алмайсың;
және баратын Жер болу үшін жаңа нүктеден бастап, басқа бағытқа бет алу керек болды,
ондағы кеңістік кеңірек екен; бірақ ол да, әлбетте шексіз емес, бұл шерудің де шегі
болады, одан әрі аттап баса алмайсың. Әрқашан солай болған, әрқашан солай бола береді.
Маңдайына жаңадан жолға шығу жазылған адам сапарын жаңа нүктеден бастап, басқа
жаққа бет бұрады. Прогресс дегеніңіз ылғи бір бағытта жүре беруде емес, адамзаттың
тарихи қызметінің өрісін құрайтын алаңды әр бағытта жүріп өтуде, өйткені ол осы кезге
дейін нақ солай көрініп отырған. Бірақ бұл жайында кейінірек.
Тарихи жүйеде даму дәрежесінің - даму тұрпаттарына мұндай бағыныштылығының
мынадай да артықшылығы бар: белгілі бір сәтте адамзат аялдаған жол нүктесі туралы
ештеңеге негізделмеген гипотезалардың көмегіне жүгіну қажеттігінен босатады.
Жекелеген мәдени тұрпаттың тарихын қарастыра отырып, егер оның даму циклы
тұтасымен өткен замандарға тиесілі болса, біз осынау дамудың мүмкіндіктерін дәл де
қатесіз анықтай аламыз, мына жерде оның балалық шағы, оның жасөспірім шағы, оның
кемел жылдары аяқталған, мына жерде оның қарттығы басталады, оның қаусаған тұсы
мына жер дей аламыз, немесе, дәл солай, оның тарихын ең ежелгі, ежелгі орта, жаңа, ең
жаңа және т.т. кезеңдерге бөле аламыз. Біз мұны біршама долбармен, ұқсастыру
көмегімен тіпті өзінің дәуренін әлі түгесіп бітпеген бірқатар мәдени тұрпаттар жөнінде де
істей аламыз. Бірақ адамзаттың даму барысы жөнінде не айтпақпыз және әлемдік
тарихтың жасын қалай анықтамақпыз? Әлдебір халықтың ғұмырын, тарихи құбылыстың
әлдене тобын қандай негізге сүйеніп ежелгі, орта немесе жаңа тарихқа, яғни адамзаттың
балалық шағына, жасөспірім кезеңіне, кемел кезіне немесе қартайған шағына
жатқызбақпыз? Ежелгі, орта және жаңа тарих деген терминдер (тіпті қазіргі қолданылып
жүргенінен дұрысырақ қолдансақ та), егер оларды жекелеген өркенияттар тарихына емес,
жаһандық тарихқа қолдансақ, мәні де, мағынасы да жоқ бос сөзге айналып кетпей ме? Бұл
тұрғыдан алғанда тарихшылар нақ астрономдар секілді жағдайда. Астрономдар барлық
нүктелерінде өздерінің зерттеу нысанасы етіп ала алатын планеталардың орбиталарын