Page 3 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.браун.ХАЛЫҚАРАЛЫҚ - САЯСИ ТЕО

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
коммунитарлық көзқарас деп атайтын амалдар (әрине, идея әлдеқайда бұрын болған)
қоғамдастықты әлеуметтік өмір құндылықтарының негізгі немесе тіпті бірден-бір көзі деп
анықтайды. Бұл амалдар едәуір даулы, мұның өзі "индивидуализм" мен "космополитизм"
негіздерінің текетіресімен білдіріледі (Avineri and de-Shalit, 1992; Brjwn, 1992; Mulhall and
Swift, 1992). Және осы тінде қоғамдағы құндылықтардың міндетті түрде жекелік сипаты
болатыны меңзелгендіктен, парадокс сыңайы пайда болады, ол дүниежүзілік қоғамдастық
идеясының "коммунитарлық" қорғанысын жасау мүмкін еместігінен немесе, ол-ол ма,
коммунитарлық байланыстар деңгейінде дүниежүзілік қоғамдастық бірінші орынға шыға
алмайтынынан тұрады. Бұл көзқарасты, сөз жоқ, коммунитарлық амалдың жақтастары
қолдайды. Осынау ұғым турасындағы Гегельдің скептицизмі оның "Құқық
философиясындағы" әлемдік құқық және әлемдік тарих туралы тарауларынан көрінеді
{Hegel. Philosophy of Right. 1991. P. 366-380), ал коммунитаризмнің модернистік, әсіресе
постмодернистік нұсқалары "қоғамдастық маған қарайтындай менің қоғамдастығыма
қарайтын" ештеңе жоқ... "және кеңейтілген қоғамдастық өзінің ішкі табиғаты бар адамзат
деп атала алмайды" дегенді кесіп айтады (Rorty, 1989. P. 59). Бұл идеялар кейінірек
қарастырылады, бірақ әзірге мынаны атап өту қажет: "дүниежүзілік қоғамдастық" термині
орын алып отырған әлденені суреттеу үшін пайдаланылған кезде, мұның өзі бәрінен
бұрын қарама-қарсылықтар мен қарама-қайшылықтардың пайда болуына апарып соқтыра
алады.
Жоғарыда айтылғанның бәрін ескере отырып, осы тараудың пәніне - дүниежүзілік
қоғамдастықтың пайда болу перспективасына сыншыл талдауға жүгінейік. Ондай
қоғамдастықтың орын алуының көрсеткіші жаһандық ортақ мүдделердің өрістеуі ғана
емес, біртұтас ұқсастықты жалпы дүниежүзілік түсіну болады. Осы заманғы дүниеде -
идеялар дүниесінде, немесе неғұрлым кеңірек мағынада, технологиялар, әлеуметтік және
саяси қарекеттер дүниесінде - өзара теңдестіруші күштер саны соншалық, олар бұл дамуға
жәрдемдесуге де, кедергі жасауға да қабілетті, бірақ өте маңыздысы, тіпті осынау күштер
текетіресіне жоламаған күннің өзінде, дүниежүзілік процестердің негізінде жатқан
тенденция қоғамдастықтың пайда болуына жетелейтін процестердің басым түсуіне
кепілдік береді немесе тым болмағанда өте-мөте ықтимал етеді. Әмбебап нормалар мен
құндылықтар жекелік және локалдық тұрғыдағы нормалардан жоғары тұрады деген
тұжырым - осы заманғы либерализмнің іс жүзіндегі барлық көріністерінің сипатты
ерекшелігі, атап айтқанда бұл Милтон Гордонның "Либералдық үміттеріне" қатысты,
бірақ ол сондай-ақ христиандықта, эсхатологияда, Ағартуда, марксизмде, жалпы алғанда
батыстық прогресшіл ойда ұшырасады. Идеяның мәнісі мынада: жалпы алғанда дүние
қоғамдастық бағытында ілгерілеуде, бірақ бұл бір жағынан, ортақ мүдделер мен ортақ
ұқсастықтың, екінші жағынан, ескі жекелік тәртіптің арасындағы кереғарлық пәрменімен
тоқтаңқырап қала береді. Бұдан әрі көрсетілген белгілер сыншыл тұрғыдан екшелетін
болады. Мүмкін, осы жолда мәселеге мұндай көзқарасқа түптің түбінде түгелімен күмән
келтірілер.
ІРГЕЛІ ТЕНДЕНЦИЯ
Барған сайын ортақ мүдделер мен ортақ ұқсастықтың неғұрлым терең мағынасына қарай
ілгерілеудің бар екендігін ненің негізінде дәлелдеуге болады? Әуелі қоғамдастық құру
тенденциясы мен шартты түрде айтқанда, "біртұтас дүниенің" орнығуына кереғар
тенденциялар арасында жіті шекара жүргізіп алу маңызды екені түсінікті. Дұрыс бөлмеу
дүниежүзілік қоғамдастық субъектісін ой елегінен өткізу нәтижелерін бұрмалауы мүмкін.
Бұл жағдайдың тіпті терминологиялық тұрғыдан да маңызды екендігін XX ғасырда нағыз
жаһандық экономиканың пайда болуы айғақтайды.