Page 2 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.макиндер. ТАРИХТЫҢ ГЕОГРАФИЯЛ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ
Хэлфорд Дж. МАКИНДЕР
ТАРИХТЫҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ КІНДІГІ
(1861-1947) Сэр Хэлфорд Дж. Макиндер геосаясаткерлердің арасындағы жарқын
тұлғалардың бірі. Географиялық білім алған ол 1887 жылдан бастап, Лондон
Экономикалық Мектебінің директоры болып тағайындалғанға дейін Оксфордта сабақ
берді. Ол ағылшын саясатының халықаралық бағыт-бағдарына елеулі ықпал етіп, осы
саладағы жоғары беделімен, сондай-ақ әлемнің саяси тарихын өрнектеудің ең батыл әрі
революциялық нұсқасын жасауымен белгілі. Макиндердің саясатта ғана емес, ғылыми
ортаның өзіндегі беделінің аса жоғары болуына қарамастан, оның идеяларын ғылыми
қауымдастық қабылдамады. Тіпті әлемнің саяси және географиялық тарихын өзіндік
өрнектеуінің негізінде оның халықаралық мәселелердегі ағылшын стратегиясын жасауға
жарты ғасыр бойы белсенді де табысты үлес қосуының өзі скептиктерге геосаясаттың ілім
ретіндегі құндылығы мен тиімділігін мойындата алмады.
Алыс болашақта тарихшылардың бірі біз қазір бастан өткізіп жатқан заманды зерттеп,
оны бүгінде біз көне Мысыр әулеттері жөнінде жасайтынымыздай, резюмеленген
формуламен көрсеткісі келсе, оның соңғы төрт жүз жылын "Колумб дәуірі" деп атап, бұл
дәуір 1900 жылдан соң көп ұзамай аяқталды деуі әбден мүмкін. Бүгін таңда географиялық
зерттеулер жөнінде іс жүзінде аяқталған бірдеңе ретінде айту үйреншікті нәрсеге айналды.
Сондай-ақ географияны тек қана мұқият шолуға және философиялық синтезге апарып саю
керек деп саналады. Төрт жүз жыл ішінде дүние жүзінің географиялық картасындағы
объектілер жеткілікті дұрыс және дәл нобайларға ие болды, тіпті қос полюс аймақтарында
Нансен мен Скоттың экспедициялары соны әрі таңғажайып жаңалықтар мүмкіндігін
едәуір азайтты. Бұл орайда жиырмасыншы ғасырдың басы ұлы тарихи дәуірдің соңы деп
бағаланады, және де бұл оның жетістіктері қаншама ғаламат болса да, тек солар туралы
ғана айтылмайды. Миссионер, жаулап алушы, фермер, шахтер және ақыр соңында,
инженер шын мәнінде саяхатшылардың ізімен жүріп отырды. Міне сондықтан біз әлемнің
небір түкпірлері олардың іс жүзінде саяси игерілуі туралы айта бастағанымыздан көп
бұрын ашылған еді деп нық сеніммен айтуға болады. Еуропада, Солтүстік және Оңтүстік
Америкада, Африка мен Австралазияда, сірә, сол жерге меншік құқығын көрсетіп, қазық
қағуға болатын учаске табыла қоюы неғайбыл. Мұндай нәрсе өркениятты және жартылай
өркениятты державалар арасындағы соғыс барысында ғана мүмкін болар. Тіпті Азияның
өзінде біз, тегінде, Ермактың атты жауынгерлері, қазақтар және Васко де Гаманың
теңізшілері бастап берген пьесаның соңғы актыларының көрермендеріне айналатын
болармыз. Салыстыру үшін біз Колумб дәуірін соның алдындағы ғасырларға қарама-
қарсы қоя аламыз, сонда сол дәуірдің сипатты белгісі ретінде Еуропаның ешқандай
қарсылыққа ұшырамаған экспансиясын келтіре аламыз, ал сол дәуірде ортағасырлық
христиандық шағын аймақтың аясына қуып тығылып, варварлардың сыртқы шабуылы
қатерінде қалған болатын. Бүгінгі күннен бастап және алдағы уақытта, Колумбтан кейінгі
дәуірде, біз жабық саяси жүйемен істес болуға мәжбүр боламыз, және бұл жүйенің
әлемдік ауқымға ие болуы әбден мүмкін. Қоғамдық күштердің әрбір жарылысы қоршаған
беймәлім кеңістік пен варварлық былықта сейіліп кетудің орнына, жер шарының қарсы
жағынан қатты жаңғырық болып қайтады, демек қорытындыда Жердің саяси және
экономикалық организміндегі барлық әлсіз элементтер қиратылатын болады. Снарядтың
шұңқырға түсуі мен ересен ғимараттың немесе кеменің берік конструкдияларының
арасындағы жабық кеңістікке түсуінің арасында үлкен айырмашылық бар. Бәлкім, осынау