Page 46 - Абай. Қарасөздер

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
46
Адам баласының ең жаманы — талапсыз, талап қылушылар да неше түрлі болады. Һәм
талаптың өзі де түрлі-түрлі. Һәм сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен-
бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді. Уа, ләкин адам баласы я талапты, я талапсыз болсын,
әйтеуір „бәрекелдіні" керек қылмайтұғыны болмайды. Әрнешік, орынсыз ба, орынды ма,
„бәрекелді" деушіні көңіл іздеп тұрады. Адам баласы өзі қай жолда, қай майданда жүрсе,
сол майдандағы кісімен сырлас болады. Оның үшін өзге жолдағылардан „бәрекелдіні"
оңды күтпейді. Маған „бәрекелді" десе, осы өзімменен серіктес, сырлас осылар
„бәрекелді" дер дейді.
Талаптың ішінде адам баласы көбінесе басына қадір іздеп, сол талапта болады. Біреу мал
қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, әйтеуір мал тапсам, „Мал тапқан ердің жазығы
жоқ" дейтұғын, „Малдының беті жарық" дейтұғын мақалға сеніп, халықтың түріне қарай,
ит те болса, малдыны cөгe алмайды деп, бұл мал һәм пайда, һәм қасиет болады бойыма
дейді. Мұнысы рас, қазақтың өз құлқына қарағанда. Бірақ адамдыққа, ақылға қарағанда,
қазақ түгіл, көңіл жиіркенетұғын іс. Осыған орай біреу ер атанамын, біреу қажеке
атанамын, біреу молдеке атанамын, біреулер білгіш, қу, сұм атанамын деп, сол қарекетте
жүр. Әрқайсысы қазаққа яки бірі бар, бірі жоқ болса, бағанағы екі бұлдамақ та болып,
басына „осыным бірсыпыра елеу азық болар" деген талаппенен қылып жүр. Мұнысы
қазақтың тамырын ұстап-ұстап қарайды дағы, „мынаны алып келіп берсе, қымбат
алғандай екен, осы күнде мына бір істің біраз пұлы бар екен" деп, қазақтың өз бетінен
оқып, ізденген талап болмаса, кітап бетінен оқып іздеген талап емес. Оның үшін кітап
сөзіменен ізденген талап болса, әуелі көкіректі тазалау керек дейді, онан соң ғибадат қыл
дейді. Қазақтың бетіне қарап, содан оқыған болса, ол талабыңды қыла бер, көкіректі тым
тазалаймын деме, оны кім көріп жатыр, ішінде қатпар көп болмаса, құт-берекеге жағымды
болмайды дейді. Енді осыған қарап, қайдан оқып, біліп, ұмтылған талап екенін білерсің.
ҚЫРЫҚ БЕСІНШІ СӨЗ
Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі — неше мың жылдан бері әркім әр
түрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі
діннің бәрі де ғаделет, махаббат құдайға лайықты дегендігі.
Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен
ғаделетке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен
артылады. Инандым, сендім демек — инандырамын, сендіремін деген емес.
Адамшылықтың алды — махаббат, ғаделет, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ,
кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол — жаратқан тәңірінің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да
махаббат пен сезім бар. Бұл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі — ғалым,
сол — ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған
нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп.
Біздің қазақтар Бийскідегі, Кузнецкідегі қалмақтарды „білеут" дейді. Менің ойым: осы
„білеут", „брут" бір сөзден шыққан деймін, о да қырғыздың нәсілі болмағы таң емес. Ол
татарлар ұрысшыл, аңшыл, не болса, соны киіп, не табылса, соны ішіп-жеп жүрген бір
тұрпайы халық екен. Олардың орны Енесей, Аңқара суының бас жағында болыпты.
Солардан аңшылар жыл жүріп, екі жыл жүріп қайтатұғын әдеттері бар екен. Сол
аңшылардың естіген, көрген хабарыменен бұрын көрмеген жерге болмаған мақтау
айтылатұғын әдетіменен қысы аз, жазы көп дегенге, әуелден өздері жер шаруасын
қылмай, мал сақтаушы халық болған соң, „мал сақтауға жақсы жерге барамыз" деп, бұл