Page 45 - Абай. Қарасөздер

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
45
Біреуі орысша „подвижной элемент" деп аталады. Ол не нәрсе? Не көрдің, не есіттің,
әрнешік білдің, соны тездікпенен ұғып, ұққандықпенен тұрмай, арты қайдан шығады,
алды қайда барады, сол екі жағына да ақылды жіберіп қарамаққа тез қозғап жібереді. Егер
бұл болмаса, көп білуге көп оқу оңды пайда да бермейді. Керекті уақытында ойламай,
керекті уақытында қылмай, керекті уақытында айтпай, дайым уақытынан кеш қалып, „Әй,
әттеген-ай! Үйтуім екен, бүйтуім екен" деп, өмір бойы ғафил болып-ақ отырғаның.
Біреуін орысша „сила притягательная однородного" дейді. Ол — бір нәрсені естіп, көріп
білдің, хош келді, қазір соған ұқсағандарды тексересің. Түгел ұқсаған ба? Яки бір ғана
жерден ұқсағандығы бар ма? Әрнешік сол іске бір келіскен жері бар нәрселердің бәрін
ойлап, білгенін тексеріп, білмегенін сұрап, оқып, бөтеннен хабарланып білмей,
тыншытпайды.
Үшіншісі, орысша „впечатлительность сердца" дейді, яғни жүректі мақтаншақтық,
пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық — бұл төрт нәрсебірлән кірлетпей таза сақтаса,
сонда сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық раушан болып
түседі. Ондай нәрсе тұла бойыңа жайылады, тез ұмыттырмайды. Егерде бағанағы төрт
нәрсемен жүректі кірлетіп алсаң, жүректің айнасы бұзылады, я қисық, я күңгірт көрсетеді.
Енді ондай нәрседен оңды ұғым болмайды.
Әрнешік тән қуатыменен сырттан тауып, сырттан сақтайсыз, оның аты дәулет еді. Оның
да неше түрлі кеселі, кесепаты бар нәрселерін білмесең, сақтай алмаушы едің ғой. Соған
ұқсаған іштегі жан қуатыменен жиған нәрсенің аты ақыл, ғылым еді ғой. Оның да неше
түрлі кеселі, кесепаты тиер нәрселері бар. Оны білмесең, бақпасаң — айрыласың. Және
әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса — жарамайды. Өлшеуін білмек — бір
үлкен керек іс. Ойланбақ жақсы, іске тіпті салынып кеткен кісі ойын байлай алмай, қияли
болып та кеткені болады. Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек,
мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық — бүл нәрселердің бәрінің де
өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады.
„Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартасың" деген. Баз махфи олмая
263
ол,
мен айтқан үш қуаттың ішінде екеуі, яғни „сила притягательная однородного" бірлән
„подвижной элемент"— бұл екеуі қосылып тұра тұрған нәрсе, күллі пайда да бұлардан
шығады, уа күллі зарар да бұлардан шығады. Мансап сүйгіштік, мақтаншақтық,
ашуланшақтық, өтірікшілік, осыған ұқсаған әрбір маскүнемдікке тартып, құмар қылып,
ақылдан шығарып жіберетұғын нәрселер осы екеуінен болады. Бұларды түбегейлеткенде
жақсы нәрселерді түбегейлетіп, жаман нәрселерден, яғни жоғарғы айтылмыш секілді
адамшылықтан шығарып, құмарпаздыққа салып жіберетұғын нәрседен бойды ерте тыйып
алуға керек. Пайда, залалды айыратұғын қуаттың аты ақыл еді ғой. Бір ақыл қуатыбірлән
мұны тоқтатып болмайды. Һәм ақыл, һәм қайрат — екі мықты қуат қосылып тоқтатады.
Ол екеуі кімде бар болса, бағанағы екі қуаттың екеуі де аз болса, яки бірі бар, бірі жоқ
болса, бағанағы екі қуаттар — бір басы қатты асау ат, жүгенсіз тауға ұра ма, тасқа ұра ма,
суға ұра ма, жарға ұра ма — құдай білсін, әйтеуір жолда көрген есті, ақылы дұрыс
адамдар әлі де сұрамай да қалады. Сенде ерік жоқ. Екі етек жайылып, екі көзің аспанда,
масқара болып кеткенің өлгеніңше.
ҚЫРЫҚ ТӨРТІНШІ СӨЗ
263
Баз махфи олмая (арабша-парсыша) – ашық болу, құпия болмау.