Page 42 - Абай. Қарасөздер

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
42
Баяғыда біреу біреуді пәлен жасымда жарықтық атым арып келе жатқанда пәлен жерге
жеткізіп салып еді деп, соны өлгенше айта жүруші еді. Осы күнде бұл жылғы берген
ендігі жылға жарамайтұғыны қалай?
Байдың баласы кедей болса, ұрлық қылуға арланбайды, байға кірісуге арланатұғыны
қалай?
Екі жақсы бір елде сүйіскен достығында тұра алыспайды. Кейбір антұрғандардың тым-ақ
тату бола қалатыны қалай?
Біреуді досым деп ат беріп жүрсең, оған сенің бір дұшпаның келіп бір тай берсе, бұзыла
қалатыны қалай?
Күнде тілін алатұғын достан кейде бір тіл ала қойған дұшпанға кісінің өле жаздайтұғыны
қалай?
Көп кісі досым жетілсе екен демейді, егерде жетілсе, бағанағы досына бір бітімі жоқ
дұшпан сол болатұғыны қалай?
Кей жұрт ақыл айтарлық кісіні іздеп таба алмайды. Қылығының қылшығын танитұғын
кісіден қашық жүретұғыны қалай?
Біреу біреудікіне келгенде үйіндегі малының бәрін де айдап келіп, өз үйіне кісі барғанда
бар малын далаға айдап жіберетұғыны қалай?
Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе, сәтке тұрмай, тыныштықтан
жалыға қалатұғыны қалай?
Елді пысық билегені несі? Пысықтың бәрі кедей келетұғыны несі?
Тоқал қатын өр келетұғыны несі? Кеселді кісі ер келетұғыны несі? Кедей кісінің кер
келетұғыны несі?
Нәпсісін тыйып, бойын тоқтаткан кісінің жаман атанып, нәпсісі билеп, мақтанға еріп, пәле
шығарған кісі мықты атанатұғыны несі?
Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақта қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге,
өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай тынбайтұғыны
қалай?
ҚЫРЫҚ БІРІНШІ СӨЗ
Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек.
Әуелі — бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас
балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға
салу керек, дүниеде көп есепсіз ғылымның жолдары бар, әрбір жолда үйретушілерге
беріп, сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа
шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе,
жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып
сөзден қалғанда түзелсе болар еді.