Page 41 - Абай. Қарасөздер

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
41
Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі — ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады
екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт
жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары
қалай қалса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен.
„Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой", „Бас-басыңа би болсаң, манар тауға
сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің" деп мақал айтып, тілеу қылып,
екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді
жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны
зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз
малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?
Екінші мінезі — намысқорлық екен. Ат аталып аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе,
араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен, „Өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады"
деп, „Аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер" деп, „Ағайынның азары болса да, безері
болмайды", „Алтау ала болса, ауыздығы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді" десіп,
„Жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған пәлеге жолығар" десіп. Кәнеки, енді осы екі
мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан
айырылдық. Ендігілердің достығы — пейіл емес, алдау, дұшпандығы — кейіс емес, не
күндестік, не тыныш отыра алмағандық.
ҚЫРҚЫНШЫ СӨЗ
Зинһар
258
, сендерден бір сұрайын деп жүрген ісім бар.
Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ
болатұғыны қалай?
Қайраты қайтқан шал мен жастың бәрі бітім қылады, шалдар өзді-өзі көп құрбыдан
айрылып азайып отырса да, біріменен бірінің бітім қылмайтұғыны қалай?
Бір елдің ішінде жамағайынды кісі бірге туғандай көріп, іші елжіреп жақсы көріп тұрып,
елге келсе, әрі-беріден соң қайта қашқандай қылатұғыны қалай?
Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, „жарықтық" деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде
сонан артық адам болса да танымайтұғыны қалай?
Бір жолаушы алыс жерге барса, барған еліне өз елін мақтаймын деп өтірікті сыбап-сыбап,
қайтып келген соң сол барған, көрген елін, жерін мақтап, өтірікті сыбайтұғыны қалай?
Қай қазақты көрсем де, баласы жасырақ болса, оның басынан пәрмене болып жүріп,
ержеткен соң суық тартатұғыны қалай?
Біреудің ағайыны торқалы той, топырақты өлімде, адалдық, берекеде алысуға табылмай,
барымта алалық, ұрлалық десе, табыла қоятыны қалай?
Бәйгеге ат қоссаң, атыңды тартыспайтұғын ағайын, атың келсе бәйгесіне өкпелейтұғыны
қалай?
258
Зинһар (парсыша) – абайла, байқа.