Page 26 - Абай. Қарасөздер

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
26
адамшылыққа кесел қылық, қатеден яки нәпсіге еріп ғапылдықтан өз бойыңнан
шыққандығынан болады. Мұндай ұят қылық қылғандығыңды бөтен кісі білмесе де, өз
ақылың, өз ынсабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза тарттырады. Кірерге
жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, бір түрлі қысымға түсесің. Мұндай ұяты күшті
адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар, хатта
64
өзін-өзі өлтіретұғын кісілер де
болады. Ұят деген — адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа
салып, сөгіс қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да
түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит
боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған
адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің
өзінің де адамшылығы жоқ десе болар.
Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. „Ол істен мен ұятты
болдым дедім ғой, енді нең бар?"— дейді. Я болмаса „Жә, жә, оған мен-ақ ұятты болайын,
сен өзің де сүйтпеп пе едің?" дейді. Немесе „пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен
қылған, түген қылған, менікі оның қасында несі сөз, пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе
еді?" деп, ұялтамын десең, жап-жай отырып дауын сабап отырады. Осыны ұялған кісі
дейміз бе, ұялмаған кісі дейміз бе? ?Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз
анау. Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе?!
ОТЫЗ ЖЕТІНШІ СӨЗ
1. Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес.
2. Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады.
3. Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады.
4. Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады.
5. Әкесінің баласы – адамның дұшпаны. Адамның баласы – бауырың.
6. Ер артық сұраса да азға разы болады.
Ез аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас.
7. Өзің үшін еңбек қылсаң, өзің үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың
қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланы сүйген құлының бірі боласың.
8.Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны (ғ.с.) дарға асқан,
пайғамбарымызды (с.ғ.с.) түйенің жемтігіне көмген ол кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл
жоқ. Ебін тап та жөнге сал.
9. Адам баласын заман өстіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват.
10. Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген
кісінің тілін кесер едім.
64
Хатта (арабша) – тіпті.