Page 24 - Абай. Қарасөздер

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
24
Үшінші — „дарқансың ғой, өнерлісің ғой, шырағым", немесе „ағеке, нең кетеді, осы
ғанамды істеп бер!" дегенде „маған да біреу жалынарлыққа жеткен екенмін" деп мақтанып
кетіп, пайдасыз алдауға, қу тілге алданып, өзінің уақытын өткізеді. Және анаған дүниенің
қызығы алдауды білген дегізіп, көңілін де мақтандырып кетеді.
Төртінші — тамыршылдау келеді. Бағанағы алдамшы шайтан тамыр болалық деп, бір
болымсыз нәрсені берген болып, артынан үйтемін-бүйтемін, қарық қыламын дегенге мәз
болып, тамырым, досым десе, мен де керектінің бірі болып қалыппын ғой деп, және
жасынан іс істеп, үйден шықпағандық қылып, жоқ-барға тырысып, алдағанды білмей,
дереу оның жетпегенін жеткіземін деп, тіпті жетпесе өзінен қосып, қылып бер дегенінің
бәрін қылып беріп, күні өтіп, еңбек қылар уақытынан айрылып, ,жоғары шыққа" қарық
болып, тамақ, киім, борыш есінен шығып кетіп, енді олар қысқан күні біреудің малын
бұлдап қарызға алады. Оны қылып берейін, мұны қылып берейін деп, соныменен табыс
құралмай, борышы асып, дауға айналып, адамшылықтан айрылып, қор болып кетеді. Осы
несі екен? Қазақтың баласының өзі алдағыш бола тұрып және өзі біреуге алдатқыш
болатұғыны қалай?
ОТЫЗ ТӨРТІНШІ СӨЗ
Жұрттың бәрі біледі өлетұғынын және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынын, бір алғанды
қата жібермейтұғынын. Қазақ осыған да, амал жоқ, нанады, анық өз ойына, ақылына
тексертіп нанбайды. Және һәмманы жаратқан құдай бар, ақиретте сұрау алады,
жамандыққа жазғырады, жақсылыққа жарылқайды, жазғыруы да, жарылқауы да пенде
ісіне ұқсамайды, бегірек есепсіз қинауы да бар, бегірек есепсіз жетістіруі де бар деп —
бәріне сендік дейді. Жоқ, онысына мен сенбеймін. Олар сендім десе де, анық сенген кісіге
уайым ойлап не керек? Осы екеуіне лайықты жақсылықты өздері де іздеп таба береді.
Егер де осы екеуіне бұлдыр сеніп отырса, енді неге сендіре аламыз? Оны қайтіп түзете
аламыз? Оларды мұсылман деп, қалайша иманы бар ғой дейміз?
Кімде-кім ақиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның
көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі
қорқыныш, екі қайғы — олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп
айтуға мүмкін емес. Олай болғанда, қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние
қуанышы ақирет қайғысынан, ақирет қуанышынан артық болса — мұсылман емес. Енді
ойлап қарай бер, біздің қазақ та мұсылман екен! Егерде екі нәрсе кез болса, бірі ақиретке
керекті, бірі осы дүниеде керекті, бірін алса, бірі тимейтұғын болса, сонда біреу ақиретке
керектіні алмай, екінші бір кез келгенде алармын деп, жоқ, егер кез болмайтұғын болса,
кең құдай өзі кеңшілікпенен кешіреді дағы, мына кезі келіп тұрғанда мұны жіберіп болмас
деп, дүниеге керектіні алса, енді ол кісі жанын берсе ақиретті дүниеге сатқаным жоқ деп,
нануға бола ма?
Адам баласына адам баласының бәрі — дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың,
өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің — бәрі
бірдей, ақиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, көрден махшарда сұралуың — бәрі
бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рақатың —
бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?.. Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің
дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына,
малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па? Тілеуді
құдайдан тілемей, пендеден тілеп, өз бетімен еңбегімді жандыр демей, пәленшенікін әпер
демек — ол құдайға айтарлық сөз бе? Құдай біреу үшін біреуге жәбір қылуына не лайығы