Page 23 - Абай. Қарасөздер

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
23
адамшылықты зорайтпайды, бәлкім, азайтады. Және мақсаты ғылымдағы мақсат
болмайды, адам баласын шатастырып, жалған сөзге жеңдірмекші болады. Мұндай қиял өзі
де бұзықтарда болады. Жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі бір қисық жолдағы
кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін! Бахас — өзі де ғылымның бір жолы, бірақ оған
хирслану
53
жарамайды. Егер хирсланса, өз сөзімшіл ғурурлық
54
, мақтаншақтық,
хусідшілік бойын жеңсе, ондай кісі адам бойына қорлық келтіретұғын өтіріктен де,
өсектен де, ұрсып-төбелесуден де қашық болмайды.
Үшінші — әрбір хақиқатқа тырысып ижтиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең
айрылма! Егерде ондай білгендігің өзіңді жеңе алмаса, кімге пұл болады? Өзің
құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?
Төртінші — білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі — мұлахаза
қылу, екіншісі — берік мұхафаза қылу. Бұл екі қуатты зорайту жаһатінде болу керек.
Бұлар зораймай, ғылым зораймайды.
Бесінші — осы сөздің он тоғызыншы бабында
55
жазылған ақыл кеселі деген төрт нәрсе
бар. Содан қашық болу керек. Соның ішінде уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар,
зинһар
56
, жаным, соған бек сақ бол, әсіресе, әуелі — құданың, екінші — халықтың, үшінші
— дәулеттің, төртінші — ғибраттың
57
, бесінші — ақылдың, ардың — бәрінің дұшпаны. Ол
бар жерде бұлар болмайды.
Алтыншы — ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез
бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген
қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те
пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін
қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық
беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын!
ОТЫЗ ҮШІНШІ СӨЗ
Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау
қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі — қазақтың әулиесі сол. Бірақ құдай тағала қолына
аз-маз өнер берген қазақтардың кеселдері болады.
Әуелі — бұл ісімді ол ісімнен асырайын деп, артық ісмерлер іздеп жүріп, көріп, біраз істес
болып, өнер арттырайын деп, түзден өнер іздемейді. Осы қолындағы аз-мұзына мақтанып,
осы да болады деп, баяғы қазақтың талапсыздығына тартып, жатып алады.
Екінші — ерінбей істей беру керек қой. Бір-екі қара тапса, малға бөге қалған кісімсіп,
„маған мал жоқ па?" дегендей қылып, еріншектік, салдау-салғырттыққа, кербездікке
салынады.
53
Хирслану – ашқарақтану, қомағайлану, сараң болу, мақсат қою.
54
Ғурурлық (арабша) – менмендік, мансапқорлық, тойынғандық, такаппарлық.
55
Он тоғызыншы бабында – Абайдың рет саны бойынша 31-сөз.
56
Зинһар (парсыша) – абайла, сақ бол.
57
Ғибрат (арабша) – үлгі, өнеге, сабақ.