Page 21 - Абай. Қарасөздер

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
21
Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман — парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат —
парыз
48
деген екен. Және де әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек. Жә, біз енді ақылды
еркіне жібермесек, Құдай тағаланың ақылы бар кісіге иман — парыз дегені қайда қалады?
„Мені таныған ақылменен таныр" дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған
жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң,
діннің өзі неден болады? Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады? Жоқ,
сен жақсылық, жамандықты жаратқан — құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды
жаратқан — құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан — құдай, бай
қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе — жоқ.
ЖИЫРМА ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ
Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не
құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар.
Әуелі „Жарлы болсаң, арлы болма" дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын.
Егер онысы жалға жүргенінде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол —
ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып,
адал еңбекпен мал іздемек — ол арлы адамның ісі.
„Қалауын тапса қар жанады", „Сұрауын тапса адам баласының бермейтіні жоқ" деген —
ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп
қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек
қой.
„Атың шықпаса, жер өрте" дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? „Жүз күн
атан болғанша, бір күн бура бол" дейді. Тәңірге жазып, мінбей-түспей арып, шөмендеп
диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды?
„Алтын көрсе, періште жолдан таяды" дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште
алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны.
„Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті" дейді. Ата-анасынан мал тәтті
көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар. Бұлардың бәрінен де қымбат ата-
анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана, шамасы келсе, михнаттанып мал
жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан
соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ
болу керек.
ОТЫЗЫНШЫ СӨЗ
Қырқын мінсе қыр артылмайтұғын осы бір „қырт мақтан" деген бір мақтан бар, сол неге
керек, неге жарайды? Ол ар, есті білмейді, намысты білмейді, кең толғау, үлкен ой жоқ, не
балуандығы жоқ, не батырлығы жоқ, не адамдығы жоқ, не ақылдылығы, арлылығы жоқ.
Мойнын бұрып қойып: „Өй, тәңірі-ай, қойшы әрі, кімнен кім артық дейсің, кімнің басы
кімнің қанжығасында жүр, ол менің қазаныма ас салып беріп жүр ме, мен онан сауын
сауып отырмын ба?"— деп бұлғақтап, немесе: „аяғаным жаным ба? Өй, енесін ұрайын,
48
Ғибадат парыз (арабша) – міндет, парыз; сыйлау, құрметтеу, құлшылық ету.