Page 17 - Абай. Қарасөздер

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
17
пәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын
нәрсе. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң, білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін не
балама үйретейін деп ойына жақсы түседі. Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де,
ғылым да — бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін,
оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен
оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен
бірдейлік дағуасына
34
кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де жақсы білгендік керек.
Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін,
адамшылығын жауырынынан бір қаққанға сатады. Тек майордың күлгені керек деп, к...і
ашылса да, қам жемейді. Орыстың ғылымы, өнері — дүниенің кілті, оны білгенге дүние
арзанырақ түседі. Ләкин осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның
қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал
еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйренушілер көбейсе,
ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік.
Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына
қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек. Қазір де орыстан оқыған балалардан
артық жақсы кісі шыға алмай да тұр. Себебі: ата-анасы, ағайын-туғаны, бір жағынан,
бұзып жатыр. Сүйтсе де, осы оқыған балалар — ана оқымаған қазақ балаларынан үздік,
озық. Не қылса да сөзді ұқтырса болады оларға. Жақсы атаның балалары да көп оқыған
жоқ, қайта, кедейдің балаларын орысқа қорлап берді. Олар осыдан артық қайда барсын?
Және де кейбір қазақтар ағайынымен араздасқанда: „Сенің осы қорлығыңа көнгенше,
баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем бе!" деуші еді.
Осындай жаман сөзді, құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай айтқан қазақтардың баласы
оқығанменен не бола қойсын? Сонда да өзге қазақ балаларынан артық үйренгені немене,
қай көп үйреніпті? Кірді, шықты, ілді, қайтты, түбегейлеп оқыған бала да жоқ; Әкесі ел
ақшасымен оқығанға әрең оқытады, өз малын не қылып шығарсын? Турасын ойлағанда,
балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет!
Мына мен айтқан жол — мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала
болсын десең — оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рақат
көрсете ме, өзі рақат көре ме, я жұртқа рақат көрсете ме?
ЖИЫРМА АЛТЫНШЫ СӨЗ
Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса,
қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық
қуанышы бар ма екен? Әй, жоқта шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың
ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына я бір бөтен адамның жыққанына
мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі
— қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған
болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді ызаландырмақ — шариғатта
харам, шаруаға залал, ақылға теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несін дәулет біліп
қуанады екен? Жә, болмаса, ана ыза болушы соншалық неге жер болып қалады екен?
Жүйрік ат — кейде ол елде, кейде бұл елде болатұғын нәрсе, қыран құс та, жүйрік ит те —
кейде оның қолына, кейде мұның қолына түсетұғын нәрсе. Күшті жігіт те үнемі бір елден
шыға ма? Кейде ана елден, кейде мына елден шығады. Мұның бәрін адам өз өнеріменен
жасаған жоқ. Бір озған, бір жыққан үнемі озып, үнемі жығып жүрмейді. Соның бәрін де
34
Дағуа (арабша) – талас, тартыс, айтыс.