Page 12 - Абай. Қарасөздер

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
12
Әуелі – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре
алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында
қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде
айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де
жоқ болады екен.
Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып,
өмірінің қызықты, қымбатты шағын ит қорлықпен өткізіп алады екен дағы, күнінде
өкінгені пайда болмайды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын
кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер қызықты қуғанда-ақ
мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен.
Үшінші – әрбір нәрсеге қызықпақтық. Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нәрсе екен.
Әрбір құмарлық өзіне бір дерт болады екен, әр түрлі құмар болған нәрсеге жеткенде, яки
әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен.
Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі
қараушылардың көзін ашып, „ананы-мынаны" дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен. Сол
уақытта есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп
ізденеді екен. Есер кісілер ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының к...н жауып
кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім.
Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында
бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді
қалай өткіздің екен, не білімге, не ақиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей
қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?
ОН АЛТЫНШЫ СӨЗ
Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де
қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде,
„тапқаным осы, біттім деп, алсаң – ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?"
дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін
жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды. „Білгенім осы, енді
қартайғанда қайдан үйрене аламын" дейді. „Оқымадың демесе болады дағы, тілімнің
келмегенін қайтушы еді" дейді. Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып па?
ОН ЖЕТІНШІ СӨЗ
Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат
айтыпты: Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке
жетпейтұғынын әуелі, өзіңді білуге, ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол менің ісім.
Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те – менің ісім.
Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз,
болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар
жеңілдіктен, нәфсі
30
шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан
бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады? – депті.
30
Нәфсі (арабша) – 1) жан, рух; 2)тілек, нәпсі; 3) адам; 4) мағына, мазмұн.