Page 11 - Абай. Қарасөздер

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
11
Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік
болып, ақылы дәлел – испат
25
қыларға жараса, мұны якини иман
26
десе керек. Екіншісі –
кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есіу бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген
нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың
түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман
таклиди
27
дейміз.
Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен.
Якини иманы бар деуге ғылымы жоқ, таклиди иманы бар деуге беріктігі жоқ, я алдағанға,
я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап, ақты қара деп, я қараны ақ деп, өтірікті шын деп
ант ететұғын кісіні не дейміз? Құдай тағала өзі сақтасын. Әрнешік білмек керек, жоғарғы
жазылмыш екі түрліден басқа иман жоқ. Иманға қарсы келерлік орында ешбір пенде
құдай тағала кеңшілігімен кешеді дағы демесін, оның үшін құдай тағаланың ғафуына
28
яки пайғамбарымыздың шафағатына
29
да сыймайды, мүмкін де емес. „Қылыш үстінде
серт жоқ" деген, „құдай тағаланың кешпес күнәсы жоқ" деген жалған мақалды қуат көрген
мұндай пенденің жүзі құрсын.
ОН ТӨРТІНШІ СӨЗ
Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені — батыр
кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық,
мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да
болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Асықтық та – жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына
көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Қазақтың „жүректісі"
мақтауға сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып
алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптен атының басын бұрып алуға
жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл
мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау — ерлік, батырлық осы болмаса,
қазақтың айтқан батыры – әншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз.
Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық
жүректе жігер, қайрат, байлаулылық тың жоқтығынан азады. Білместігімнен қылдым
дегеннің көбіне нанбаймын. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай
кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта
кем болады. Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат
қойып жүрген кісілерінің бәрі – пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі „айда,
батырлап!" қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері. Әйтпесе құдайға
терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі
жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт
түгіл, әуелі адам ба өзі?
ОН БЕСІНШІ СӨЗ
Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім.
25
Испат (арабша) – нақтылау, дәлелдеу, анықтау.
26
Иман (арабша) – сенім (құдайға сену).
27
Иман таклиди (арабша) – 1) біреуге еліктеп сену; 2)дәстүрлі.
28
Ғафу (арабша) – кешу, кешіру.
29
Шафағат (арабша) – қорғау, жәрдем ету, көмектесу.